Қайырбек Асанов | өмірбаяны

0

Қайырбек Асанов 1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ» қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында қызметкер жанұясында дүниеге келген.  1953-64 жылдары орта мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Әскерден оралған соң Тереңөзек ауданында мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, «Қараөзек» совхозы комсомол комитетінің хатшысы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі инспекторы болып қызметтер атқарды. Бала кезінен әдебиетке құштар Қ.З. Асанов 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасады. Осы газетте бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек етті. Бұдан кейін Қ.З.Асанов  «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып он төрт жылдай қызмет атқарды. Осы жылдарда ол әдеби өмірге белсене араласып, мерзімді басылымдарда оның өлеңдері мен проблемалық мақалалары жарық көріп жатты. Газеттің 50 жылдығына орай 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия мемлекеті еді. 1994 жылы Қ.Асанов түрік бауырларымыз Қазақстанда ашқан  «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Газет беделін көтеруге, екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосты. Бұдан кейін ол Қазақстан Жазушылар Одағындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің салалық «Отан» атты саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Алматы технологиялық университетінде «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары және «Престиж», «Талапкер» атты көп тиражды газеттердің редакторы болып та қызмет істеді. 1987-88 жылдары Алматы облыстық партия комитеті жанындағы марксизм-ленинизм жоғарғы мектебін бітірген. Іс сапармен Республикамыздың қай түкпірінде болса да Қ.Асанов өзінің адамгершілік ізгі қасиеттерімен жұртшылық жүрегінде жақсы із қалдырып жүрген азаматтың бірі. Саяси көзқарасы айқын. Президен Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп жатқан реформаларын түгелімен қолдайтынын білдіреді. Қ.Асановтың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда 1960 жылдан бері жарық көре бастаған. Қазір ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым» атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Құрал Тоқмырзин, Шәкизада Құттыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Көпен Әмірбеков, Жұмабай Құлиев т.б. өз пікірлерін білдірген. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлделі орындардың бірін иемденсе, жыл сайын өткізілетін Абай оқуларының 2003 жылғы бас жүлдегері атанып, Алматы қаласы әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. Қазақстан Ремпубликасы Президентінің 2014 жылғы желтоқсанның 5-дегі Жарлығы бойынша Қайырбек Асановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Қызылорда облысы, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы». Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Таңдауы — «Нұр Отан» партиясы. Қ.Асанов жақсы жар. Тәрбиелі ұл-қыз өсірген ардақты әке. Жұбайы Күләш Ахметова белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қызы – Жазира Асанова 1990 жылы өткізілген Республикалық «Қыз сыны» конкурсының бас жүлдегері. Қазіргі кезде кемеліне келген ақын Қ.Асанов жаңа ізденістер үстінде.