Қайбулла Ерниязов | өмірбаяны
Ерниязов Қайбулла 1938 жылы 21 мамырда Қарақалпақстанның Тахтакөпір ауданында туған.
Ташкент Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1961 жылы тамамдағаннан кейін «Еркін Қарақалпақстан» (бұрынғы «Совет Қарақалпақстаны») газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1964–1978), «Агитатор блокноты» журналында жауапты хатшы (1978–1979), «Қарақалпақстан» баспасында (1979–1984) Бас редактор, Қарақалпақстан Республикасы Баспасөз бойынша мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары (1984–1986), ТассӨзТАГтың Қарақалпақстан республикалық бөлімінің (1986–1987) бастығы әрі Бас редакторы, «Еркін Қарақалпақстан» республикалық газеті Бас редакторының орынбасары (1987–2003) қызметтерін атқарған.
Алғашқы кітаптары «Тағдырым менің – Арал!» (1980), «Ленин менің жүрегімде» (1981) Қарақалпақстан баспасынан жарық көрген. «Өнерге арналған өмір» (1982), «Намысы биік тұлға» деректі повестер мен «Барақ батыр – 250 жыл», «Айбат берген, қайрат берген – Алатау!», «Адамның күші, адамның ұқыбы» атты публицистикалық әрі жолжазба очерктері басылып шыққан. М.Шагинянның «Бірінші Бүкіл ресейлік» романын қарақалпақ тіліне аударып, 1983 жылы Нөкістегі баспадан шығарған. «Есімің елдің есінде» деректі повесі 2002 жылы Астанада Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасынан жарық көрген.
1969–1989 жылдары Қарақалпақстан Журналистер одағы төрағасының орынбасары. Қарақалпақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1980), Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикалары Жоғарғы Кеңестерінің төрт рет Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2003 жылы Қазақстанға көшіп келген.