Пернебай Дүйсенбин | өмірбаяны

0

Пернебай Дүйсенбин 1943 жылы 13 қазанда Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. 1962 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінің журналистика бөліміне түсіп, 1969 жылы бiтiрген. 1964-1967 жылдар аралығында Украинада әскери борышын өтеді. 1969-1973 жылдары орта мектепте мұғалiм, 1973-1997 жылдары мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, психологы болып iстедi. 1997-1998 жылдары газет тiлшiсi, 1998-2003 жылдары «Қаратау кеншiсi»-«Горняк Каратау» газетiнiң редакторы, 2004-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы болып iстедi.

1990 жылдан КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi. «Жұмбақ жұлдыз», «Кiшкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы» повестер мен әңгiмелер жинағының, алты конкурстық жинақтың, «Шежірелі Сарысу», «Сарысунама» деректі кітабының, сондай-ақ аса көлемді тарихи, танымдық, деректік, әдеби, шежірелік «Үркердей болып көшкен жұрт…»,т.б. көптеген деректік кітаптардың авторы. Ол Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кiтап саудасы iстерi жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бiрлесiп өткiзген жабық бәйгесiнiң 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы жеңiмпазы. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының жабық бәйгесінің жүлдегері. 2013 жылғы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің лауреаты. 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденiмен, 1965 жылы «Жеңiстiң 20 жылдығы» медалiмен, 2002 жылы Жамбыл облысы әкiмiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған. Сарысу ауданының Құрметтi азаматы.

 

Әдеби порталға жазушының 1960–2013 жылғы жазған таңдамалы шығармалары жіберіліп отыр. Шығармалар 1982 жылғы «Жұмбақ жұлдыз», 1985 жылғы «Кішкентай генералдар», 2004 жылғы «Ән салыңызшы, Әке», 2005 жылғы «Елгезек ертегілер елінде», 2013 жылғы «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы» атты жинақтарының негізінде қалыптастырылды.