Өтепберген Ақыпбекұлы | өмірбаяны

0

Өтепберген Ақыпбекұлы (1950–2007) — 8 қазанда Қызылағаш ауылы, Қапал ауданы (қазіргі Ақсу), Талдықорған (қазіргі Алматы) облысында туған. Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. Еңбек жолын туған ауданындағы Абай атындағы кеңшарда тракторшы, клуб меңгерушісі, комсомол комитетінің хатшысы болып бастайды. 

 

1973–1985 жж. Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, кейіннен облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. 

 

1985–1995 жж. республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Денсаулық», «Жанашыр», «Халық Конгресі» газет, журналдарында аға тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. 

 

1995–1998 жж. Республикалық «Казгидромет» агенттігінде, ҚР Парламенті Мәжілісінде, ҚР Ұлттық Банкінде аға референт, кеңесші, ҚР Әділет министрлігінің басқарма бастығы қызметтерін атқарды. Бірнеше дүркін Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанды. 

 

Әр жылдары: «Доп», «Футболшы боламын», «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Балабақтың бір күні»,. «Экологиялық әліппе», Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Ажарлы Астана», «Қызықты әліппе», «Айдындағы әліппе», «Керек кітап», «Мен таңдайтын мамандық», т.б. балаларға арналған өлең кітаптары мен кітапшалары жарық көрген.