Өтепберген Әлімгереев | өмірбаяны

0

Әлімгереев Өтепберген 1949 жылы 26 мамырда Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. 1972 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген соң, еңбек жолын Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында мектеп мұғалімі боп бастайды. 1973 жылдың 15 мамырында «Атырау» (Атырау облыстық) газетіне жұмысқа шақырылған. Алматы Жоғары партия мектебін тамамдаған. 1990 жылдан бері Атырау телерадио компаниясында Бас редактор боп жұмыс істейді.

Әдеби туындылары 1966 жылдан бері түрлі газетжурналдарда жарияланған. Алты әдебипублицистикалық кітаптың, «Күй – күмбез», «Асау Тұрлан» атты кітаптардың авторы. Махамбет, Асан Қайғы, Жиренше шешен, Мұрат, Бала Ораз, Мақаш әкім туралы зерттеулер жазған.

Қазақстан Журналистер одағы мен Орталық табиғат қорғау қоғамы сыйлығының үш дүркін (1980, 1982, 1994), Атырау облысы әкімі белгілеген Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың (1996) лауреаты. «Егемен Қазақстан» газеті (1987) мен «Ара» журналы (1980, 1981) конкурстарының жүлдегері.