Орынғазы Мәнбазарұлы | өмірбаяны
Орынғазы Мәнбазарұлы 1943 жылы тамыздың 15 жұлдызында Қытай мемлекетінің Шыңжан өлкесі Тарбағатай аймағындағы Сауан ауданының Бортүнке ауылындағы Қашалы жайлау жұртында дүниеге келген. Бақытқа қарсы енді ғана төрт жасқа шыққан жылы шешесі дүние салып әпкесі мен інісі үшеуі жалқы қалған кедей әкенің бағып-қағуында жетімдік пен жоқшылықтың қат-қабат азабын арқалап жүріп ержетеді. Қытай азаттығының алғашқы жылдары, яғни 1954 жылы қыркүйекте бай нағашысы Мәжітәйдің бағып жүрген қойын тастай беріп, мектеп құшағына қашып енеді. Сол бетінде өкімет жәрдемімен тыраштаған әке еңбегі арқасында 1961жылы орталау мектепті бітіріп, ауылдың бастауыш мектебінде мұғалім болады. Сөйтіп бастауыш, орта мектеп құшағында көптеген балаларға ұстаз болады. Көбінде орта, бастауыш мектеп жетекшісі болып бар ғұмырының көбін арнайды. Әуел бастан-ақ әдебиет, көркемөнерге құмартады, қызығады. Бастауыш мектеп оқып жүрген кезінен бастап газеттерге өлең жазып, сабақтастары мен мұғалімдерінің назарын аударады. Орталау мектептің бірінші жылдығында тұңғыш өлеңі «Сәбидің серті» деген шағын өлеңімен бау ашады. Сөйтіп облыстық, аймақтық, өлкелік басылымдарда көптеген өлеңдері жарық көреді. Танымал авторға айналады. 1966 жылы Қытай елінде он жылға созылған «мәдениет төңкерісі» әдебиет, көркемөнерді істен шығарған кезде жалындап келе жатқан жас ақынның қаламы қаңтарылады да, жасампаздық еңбегінің он неше жылы зая кетеді. 1970 жылдың соңын ала қаламын қайтадан қолына алған ақын өз оқырмандарымен қауышады. 1980 жылдардан бастап өзінің жасампаздық еңбегіне қарай терең толғаныс жасайды. Жазғандарының қан-сөлсіз, дәм-татусыз ұран және жалаң бұйымдар екенін аңғарады да шұғыл бұрылыс жасайды, өз әлінше қарманады. Ауыр да жапалы педагогикалық жұмыстарын істей жүріп қалам сермейді. Жетімдік тағдырдың тәлкегінен оқи алмаған олқы білімдерінің орнын өздігінен ізденіп үйреніп толықтырады. Істей жүріп оқып, орта техникум және университет бітіреді. Өзінің әдебиеттік білім деңгейін жоғарылытады. Қазірге дейін он томнан артық өлең жырлар жазған. Автор балалы-шағалы болуы себепті кейінгі жылдардағы нарық шаруашылығының ықпалы бойынша кітаптарын ақы беріп бастыруға қолы қысқалық етеді. 2009 жылы аудан әкімінің жәрдемімен «Жан түбіндегі жазулар» атты өлең кітабы әрең шығады. Жұрттың жақсы бағасына ие болады. Автор қазіргі күнде сол он томнан артық өлеңдерін жарық дүниеге шығарудың қамында, өздеріңізге ұсынып отырған «Ұлар» өлеңдер жинағы соның бірі. Автор тағыда өзіне тән ішкі толғаныста жүрген, өзінің жастайынан ғашық болған өлең өнерінің соңына түсуде. Ғұмырының ең соңына дейін жан-жағына бұрылмастан таза поэзияның қыр соңынан түсуге бел байлады. Автор желбуаз атақ-абыройға бой ұрмайды. Қайта өзінің тамшылаған маңдай терінен, жүрек қанынан жеміс күтеді. 2009 жылы Қазақстан еліне барып төрт айдан астам уақыт аралап қайтады. Осы сапарында «Қазақ қауымдастығына» барып өзінің жағдайын таныстырады. Сондағы әңгіме бойынша осы «Ұлар» өлеңдер жинағын ұсынып отыр. Қытай елінің басылым орындарында «Көңіл сыры», «Домбыра жүрек», «Көңілдің бұлты тамшылап» атты өлең жинақтары жарық көруді күтіп тұр.