Оразбек Сәрсенбай | өмірбаяны

0

Сәрсенбай Оразбек — 1938 жылы 20 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген. 

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, Шиелідегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық жастар газеті «Лениншіл жаста» әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында (1968–1973), «Қазақ әдебиеті» газетінде (1974–1982) бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында (1982–1986) әдеби кеңесші, 1987–1993 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасының директоры (1993–1995) болған.

 1996 жылдан бері «Қайнар» баспасының директоры.

Алпысыншы жылдардың басында баспасөз беттерінде оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланған. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде басылған «1961 жыл» атты публицистикалық дастаны әдеби, саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, әділетсіз сынға ұшырайды. Осы уақытқа дейін 20-ға жуық кітабы шыққан. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер, т.б. өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін қазақша сөйлеткен. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», Қасиетті дұғалар», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», «Мұхтасар», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей араласқан. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде «Долана» атты («Қазақфильм», 1981, режиссері С.Нарымбетов) көркемсуретті фильм түсірілген. Жекелеген шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған. «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), ал «Шамшырақ» романы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы (1994), «Шеңбер» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген (2000). «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.