Жұбан Молдағалиев: өмірбаяны, өлеңдері, мен қазақпын, отбасы, қызықты деректер

0

 

Балалық шағы

Қаламгер 1920 жылдың 5-қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады.

https://www.youtube.com/watch?v=nFS4KhplUek

«Мен 1920 жылы Орал облысы қазіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келдім. Көктемде көз-жасындай сығып шығарып, жыланып, жысырап ағатын, жазда кеуіп қалатын «Жылан» деген өзен сымақты көз алдыңызға келтіріңіз. Осыған қарап менің руластырымның қалай тіршілік еткенін шамалауға болады. Бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтіпті. Мұң-мұқтаждық жағынан менің әкем Молдағали да кемде қалмаса керек. Ол жарлы, жуас, момын, кісі болыпты», — дейді ақын өз естелігінде.

Анасының жастайынан берген тәрбиесі болашақ ақынның әдебиетке әуестенуіне әсер етеді.

«Өлең-жырға ерте әуестендім. Жас кезімде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отыратын. Ол өз-өзінен күңіреніп, өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармасын жатқа білетін анам мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды. Кейін мен мұны талай-талай еске алғаным бар», — дейді ол.

Алғашқы өлеңі

Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» атты облыстық жастар газетінде оның «Ленин тірі» деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.

«Жұртшылық үшін маңыздысы да ақынның жеке басының күйкі-шүйкі жайттары емес. Оның азаматтық тұлғасы, қоғамдық сыр-сипаты ғой. Өлең қай әдіспен жазылса да, оның әр өлеңінен сол өлеңнің эстетикалық, көркемдік талғамынан, идеялық мұратынан танылып отыруы тиіс», — дейді ол деректі фильмде.

1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді.

«1940 жылы армия қатарына алынғанда екі-үш дәптер өлеңімді жәшік түбіне салып, ала кеттім. Олар Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртке оранды. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді сипаттайтын нәрселер болатын. Сөйтсе де, олар маған соғыста «қаза тапқан» өлеңдер боп көрінеді. Соғыспен 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте душарластым. Әрине, ол күндері өлең емес, бас қайғы болды», — дейді Жұбан Молдағалиев ағынан жарылып.

Үміттің тұтануы

Ақын өз естелігінде шығармашылық жолына қалай оралғынан былайша есіне алады:

«Батарея комиссары болып қызмет істеп жүргенімде ойда-жоқта майдандық «За родину» газетінің жанынан ашылып жатқан «Отан үшін» қазақ газетіне жіберілдім. Сөйтіп, сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды».

Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.

Тағы оқыңыз: «Сталин қос бұрымыма мақтау айтты»: Роза Бағланова туралы не білеміз — фото

Молдағалиев майдан газетінде жұмыс істеп жүргенде орыстың белгілі ақын-жазушыларымен әрі журналистерімен танысады. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев бар. Бұған қоса, ол «Отан үшін» (кейін «Майдан ақиқаты») газетінің редакциясында қаламгер ақын Сағынғали Сейітов, журналист Ахмет Елшібековпен қызметтес болады.

«Соғыс соңында қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күнді бірге өткіздік», — дейді Молдағалиев өз естелігінде.

Шығармашылықтағы қиындықтар

1943 жылдың қарашасында Жұбан Молдағалиев арнаулы тапсырмамен Алматыға келеді. «Отан үшін» атты майдандық газетте басылған «Қазақ» деген өлеңін өзімен бірге ала келеді. Өзі сияқты соғыстан уақытша келген жазушы, ақын Әбу Сәрсенбаевпен кездеседі. Ол өлеңмен танысып, ақынды Жазушылар одағына апарады, әрі туындыны Сәбит Мұқанов алдында оқиды.

Өлең ақырында радиодан беріліп, «Социалистік Қазақстан» газетінде басылады.

Алайда өлең коммунистік идеология талабына сай келмей, 35 жыл бойы еш жерде басылмай, ақын жинағына да кірмейді. Бұл туынды тек 1979 жылы шыққан үш томдыққа енеді.

Соғыстан кейінгі өмір

Кеңес армиясы қатарынан кейін Жұбан Молдағалиев «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды. 1949 жылы оның «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді.

Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады.

Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.

Тағы оқыңыз: Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер

Кейін Жұбан Молдағалиев «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Бастаушымыз партия» (1954), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен қазақпын» (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.

Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.

Ол екі рет «Еңбек Қызыл ту» және 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Мен қазақпын

Жұбан Молдағалиевтың ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығарма – «Мен қазақпын» поэмасы (1964). Ақын бұл шығармасында қазақ халқының өткен өмірі мен тағдырын лирикалық-публицистикалық стильде терең толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ерлік дәстүрі, туған жер мен елі, байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

«Мен қазақпын» деген тамаша поэманы орысшаға аудардым. Қарап отырсам, кейде сол шығармаға жаныммен кіріп кеткендеймін. Мүмкін фамилиям Казакова болғандықтан шығар. Сол еңбекті аударғанда әсер алғаным соншалық, образға еніп, түн ортасында «мен қазақпын» деп шошып оянатын кездерім болды. Мен қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтың оқушысы болғаныма қуанамын», — дейді аудармашы Римма Казакова «Жұбан Молдағалиев» атты деректі фильмде.

Арзан атаққа қарсы

Жұбан Молдағалиев өз естеліктерінде поэзияға қатысты өзінің жеке пікірін білдіріп, ақынға әрқашан жоғары талаптар қойылатынын айтады.

«Мен шығармашылығымды уақыттан биік те, сырт та қоя алмаймын. Мені оған ағалар үйретті. Уақыттан қалып қалу деген ақылыма сыймайды. Сондықтан мен біздің жас таланттарға қарап, өз шабытыма қамшы басып отырамын. Олардан да үйренемін. Олардың өмір шындығын пайымдауы, батыр ізденістері, татымды табыстары мені әрі қызықтырады әрі қуантады. Әрине, ақын еңбегі соқпақсыз да емес, самғау да ғана емес», дейді ол.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Оның айтуынша, бұл қиындықтарға қарамастан ақын мұраты қоғамдық тұғырдан шегінбеуі тиіс.

«Мен қайтсе де, батылдық пен іздемпаздықты қуаттаймын. Бірақ мен құр ұйқас, өлеңшілікпен көрсе қызар мода қуып, поэзияға «мини көйлек» кигізуге, арзан атаққа қарсымын», — дейді қаламгер «Жұбан Молдағалиев» фильмінде.

Замандастар пікірі

Жұбан Молдағалиевтың орыс тілінде және тағы басқа халықтар тілінде басылған шығармаларын қоса есептегенде 70-ке тарта кітабы шыққан.

«Мен кемеңгерлер мен ұстаздарға бас иемін. Кітаптарым орыс және басқа халықтардың тілдерінде талай рет шықты. Сол үшін менің жан жүрегім аудармашыларға, қаламдас достарыма деген алғыс сезімге толы және оларға көп қарыздармын деп білемін», — дейді ол өз естелігінде.

Қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі, көркем сөз зергері, халық жазушысы Ғабит Мүсірепов ақынның талантын мойындайды.

«Ақын Жұбан бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант», — дейді Мүсірепов.

Ал Қазақстан халық жазушысы Сафуан Шаймерденов қаламгердің еңбекқорлығын жоғары бағалады.

«Жұбан — поэзияда оңай жол іздемейтін, өз шығармашылығына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қайраткер», — дейді драматург.

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай өз естелігінде Жұбан Молдағалиевтың тәрбиелі, парасатты адам болғанын есіне алады.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

«1979 жылдың қыркүйегінде Жұбан Молдағалиевтың Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанын «Литературная газетадан» оқып білдім. Ол кезде жазушылардың демалыс үйінде драматургтердің дәстүрлі семинарына қатысып жүр едім. Көп ұзамай Жазушылар одағында ұйымдық мәселелер қаралып, біраз адам орын ауыстырды. Бердібек Соқпақбаев шығармашылық демалысқа кетіп, орнына мен келдім. Жұбан Молдағалиев маған «Сені жігіттер мақтап отыр. Қызметке алатын шығармыз. Бұл өзі жұмысы аз, дауы көп жер. Кім-көрінгеннің жетегінде кетпе. Әділ бол, айналайын» деді», — дейді Баққожа Мұқай өз естелігінде.

Колбиннің алдында сөйлеген сөзі

1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы қазақ жастары көтеріліске шықты. Қазақстан тарихына бұл оқиға «Желтоқсан көтерілісі» болып енді.

Көтерілістің басталуына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы түрткі болды.

Осы қиын кезеңде Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында қыршыннан қиылған жастарды қорғап, өз ойын ашық айтты.

«Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көтерулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткені демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, кінәлілерді де оған деген сенімнен айырмау керек. Біз олардың жасағанына емес, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз. Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, ұрпағың қыздарымыздың шашынан сүйреуі үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймыз. Жақтас бола алмаймын», — деді Молдағалиев Колбиннің алдында.

Тағы оқыңыз: Ғалым Әл-Фарабидің ұлты «қазақ» дейтіндерге жауап берді

Қазақстан халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі «Иірім» атты естелік кітабында бұл жағдайды былайша есіне алады.

«Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді», — деп жазды Қадыр Мырза Әлі өз кітабында.

Отбасы

Ақынның сүйікті жары – София Мәлікқызы. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген. София Мәлікқызы өз естелігінде отбасылық өмірі жайлы айтады.

«Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Себебі менің жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәубә деймін. Біз Жұбан екеуіміз көзбен, көңілмен ұғыстық. Әлдебір жағдайларда ол менің сөзімді сөйлей қалса, мамам кәдімгідей ашуланып қалатын. Сондықтан Жұбан сыртқы елге шығып, сыйлық әкелетін болса, екеуімізге бірдей етіп алатын», — дейді София өз естелігінде.

Жұбан Молдағалиев 1988 жылдың 6 қазанында 68 жасында қайтыс болды.

sputniknews.kz