Нығмет Ғабдуллин | өмірбаяны
Нығмет Ғабдуллин (1927–2005) — 26 желтоқсанда Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Шұқыркөл деген ауылда туған.
1950 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтының филология факультетін үздік бітірген.
1950–1962 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында істеген.
1964–1966 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1966–1969 жж. Бас редакторы болды. 1969 жылдан бастап Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында ұстаздық еткен. Профессор.
1964 жылы «Ғабит Мүсіреповтің драматургиясы» деген тақырыпта кандидаттық, 1972 жылы «Қазіргі қазақ прозасында жаңа адамды бейнелеу проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
Орыс тілінде жазушының «Жаңа таныстар» (1957), «Өмірдің бұралаң жолдары» (1967) прозалық кітаптары басылып шықты. Ол Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесін, Г.Марковтың екі кітаптан тұратын «Жер құты» романын, М.Шагиняннің «Ульяновтар семьясы» атты кітабын, В.Быковтың «Альпі аңызы», «Атар таңға аман жетсе» повестерін қазақшаға аударған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1996).
Шығармалары: Менің достарым. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1951; Алғашқы сапар. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1953; Жаңа таныстар. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1955; Құрбылар. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1956; Гүл. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1959; Қызық дәурен. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1963; Өмір, қымбатсың маған. Повесть. А., «Жазушы», 1966; Сарғайған жапырақ. Повесть. А., «Жазушы», 1970; Жігер. Роман. А., «Жазушы», 1983; Уақыт сыры. Әдеби сын. А., «Жазушы», 1981; Ғабит Мүсірепов – драматург. Монография. А., «Өнер», 1982; Махаббат жыры. Таңдамалы. А., «Жазушы», 1998.