Нұрлан Қами | өмірбаяны

0

Нұрлан Ізғалиұлы ҚАМИ, 1959 жылы 2-ші қаңтарда қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында туып-өскен. ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған. 1987 жылдың қаңтар айында «Жалын» журналына орналасып, сол жылы «Жаңа фильм» журналына редактор қызметіне шақырылады. Одан Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық редакциясына ауысады (1989-1990), «Қазақфильм» киностудиясының кинохроника бөлімінде (1990-1993) редактор болып жұмыс істейді. 1993-2000 жылдары ҚазТАГ-та, 2002 жылы Қазақ радиосында аудармашы болады. 2002-2007 жылдар аралығында «Хабар» телеарнасының дубляж бөлімінде редактор болып қызмет етеді. Содан бері еркін еңбеккер, әртүрлі мекемелермен келісім-шартқа отырып, аударма жасаумен айналысады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

1985 жылы «Жалын» журналында алғашқы әңгімесі басылып, жазушы Әкім Таразидың пікірі қоса жарияланды. Сол жылы республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, проза секциясына жетекшілік еткен Әзілхан Нұршайықов пен Мұхтар Мағауиннан жылы лебіз естіді, лауреаттыққа ұсынылды. 1986 жылы «Арман қанатында» деп аталатын жинаққа әңгімесі жарияланды. Сол кезден бастап «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында, басқа да басылымдарда әңгіме-хикаяттары жарияланып келеді. 2003 жылы «Атырау ақын-жазушылары» сериясымен «Кездесу» деп аталатын тұңғыш әңгімелер мен хикаяттар жинағы жарық көрді. 2010 жылы «Қазақ тарихы» баспасынан «Көк қақпа», 2015 жылы «Жазушы» баспасынан «Қар адамы», 2016 жылы «Томирис 21» баспасынан «Хан Мөде»  деп аталатын прозалық жинақтары басып шығарылды. 2013 жылы «Жұлдыз» журналының 9-12 сандарында «Беймезгіл» романының бірінші кітабы жарияланды.

 

Бірнеше пьеса мен киносценарий жазған, әзірше бұл шығармалардың ешқайсысы кино немесе сахна тіліне көшіріле қойған жоқ. Әбіш Кекілбаев туралы жазылған «Діл-таразы» пьесасы «Алтын қалам 2016» әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік драматургиясы және сценарийі» аталымы бойынша жеңімпазы деп танылды (бәйгеге «Қаламгер» деген атаумен жіберілген).

 

2003 жылы «Жұлдыз» журналының 6-шы санында Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» хикаяты, «Жалын» журналының 2003 жылғы сүйінші санында және 2004 жылғы 1-2 сандарында Олжас Сүлейменовтің «Тарихқа дейінгі түркілер» атты зерттеу еңбегінің бір бөлімі Нұрлан Қамидың тәржімалауымен жарық көрді. 2006 жылы «Арда» баспасынан Ш.Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романы басылып шықты. 2008 жылы «Әлем әдебиеті» журналының 2-3 сандарында осы роман тағы да жарияланды. 2006 жылы Ш.Айтматовтың «Тау құлаған» деп аталатын соңғы романы «Мәңгілік келіншек» деген атаумен «Жалын» журналының жеті санында қатарынан жарық көрді.

        

Жазушының зайыбы Алтын Қорғанбекова — орыс тілі мен әдебиетінің маманы, Шақшақ Жәнібектің тікелей ұрпағы, ағайынды алаш ардагерлері Ахмет және Ғазымбек Бірімжановтардың туған інісі Кәрімнің қызы. 1990, 1991 және 1993 жылдары туған үш ұлы бар, бәрі Алматы қаласында тұрады. Үлкен ұлы Арулат программашы, ортаншысы Сұңғат пен кішісі Архат сәулетші мамандығын таңдаған.

 

 Жарияланған шығармаларының Т І З І М І

 

  1. «Профессордың қателігі», әңгіме. «Жалын», № 3, 1985 ж.
  2. «Тайга үстіндегі жарылыс», әңгіме. «Білім және еңбек», № 8, 1986.
  3. ———————————— «Арман қанатында», жинақ. 1986 ж.
  4. «Тау қызы», әңгіме. «Жалын», № 3, 1989 ж.
  5. «Бір түні», әңгіме. «Дала», № 1, 2001 ж.
  6. ———————-   «Өмір», № 5, 2004 ж.
  7. «Темірқазық», хикаят. «Жұлдыз», № 8, 2003 ж.
  8. «Степаныч», әңгіме. «Қазақ әдебиеті», № 6, 2004 ж.      
  9. «Қарт Қожақ», «Қар адамы», «Көк қақпа», «Айна» — әңгімелер. «Қазақ әдебиеті», 2008-2011 жж..
  10. «Кездесу», тұңғыш кітап. «А-Полиграфия» ЖШС, 2003 ж.
  11. «Көк қақпа», әңгімелер мен хикаяттар, «Қазақ тарихы» баспасы, 2010 ж.
  12. «Қар адамы», әңгімелер мен хикаяттар, «Жазушы» баспасы, 2015 ж.
  13. «Хан Мөде»,  —————————-, «Томирис 21» баспасы, 2016 ж.

 

А У Д А Р М А Л А Р

 

  1. «Шыңғысханның ақ бұлты», хикаят, Ш.Айтматов. «Жұлдыз», № 6, 2003 ж. «Атамұра» баспасы, 2004 ж.
  2. «Тарихқа дейінгі түркілер», зерттеу, О.Сүлейменов. «Жалын», № 1-2, 2004 ж.
  3. «Мәңгілік келіншек», роман, Ш.Айтматов. «Жалын», № 6-12, 2006 ж.
  4. «Кассандра таңбасы», роман, Ш.Айтматов. «Арда» баспасы, 2006 ж.
  5. —————————————————  «Әлем әдебиеті», № 2-3, 2008 ж.

 

 

                                                          2017 ж.