Нұрлан Қалқа | өмірбаяны
ҚАЛҚА Нұрлан Нұрахметұлы (13. 07. 1967 ж.т., Алматы облысы, Шелек ауданы, Масақ селосы, Асы жайлауы) – ақын-публицист, журналист.
Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектепті тәмамдаған (1984 ж.). Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бітірген (1993 ж.).
Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi (2001 ж.). Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты (1995 ж.), «Астана-Бәйтерек» республикалық конкурсының жеңімпазы (2006 ж.).
1990 — 1992 жж. «Жетiсу» газетiнде тiлшi, 1992 — 1997 жж. «Жас Алаш» газетiнде тiлшi, бөлiм редакторы, редакция алқасының мүшесi болған. 1997 — 2001 жж. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары департаментi Мерзiмдi баспасөз бөлiмiнiң бас маманы. 2001 жылдан ҚР Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Үкiметтiк ақпарат бөлiмiнiң консультанты, 2004 жылдан ҚР Премьер-Министрi Баспасөз қызметiнiң консультанты, ҚР Премьер-Министрiнiң Баспасөз қызметi жедел-техникалық қамтамасыз ету секторының меңгерушiсi, 2008 жылғы желтоқсаннан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, инспектор қызметтерін атқарған. 2014 жылдың 5 мамырынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж.) мерекелік медальдарымен марапатталған.
Шығармалары: «Ұлттық журналистиканың саңлағы» (зерттеулер, новеллалар, әңгімелер, 1998), «Қазақстан жас ақындарының антологиясы» (жас ақындардың жыр жинағы, 2000), «Қос iшек» (жас ақындардың жыр жинағы, 2000), «Арман қанатында» (жас жазушылардың әңгімелер жинағы, 2003). Ақынның «Аққу-жүрек» (2002), «Жыл — он екі ай» (2005), «Отыз бесінші шілде» (2008), «Мизам шуақ» (2013) атты жыр кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Сейтек сарыны» (1999), «Ырымдар және түс жору» (2002), «Астана – жыршуағым» (2006), «Бал бөбекке бәсіре» (2007) кітаптарының құрастырушысы.
1998 жылдан Астана қаласының тұрғыны. Отбасылы: ұл-қыздары және немерелері бар.