Нұргүл Оқашева | өмірбаяны

0

Нұргүл Әбдімұратқызы Оқашева 1990 жылдың 3 желтоқсанында Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылында дүниеге келген. 1997-2008 жылдар аралығында аталмыш ауылдағы №58 орта мектепте білім алады. 2008 жылы орта мектепті тәмамдап, Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түседі. 2012 жылы осы университеттің филология факультетін бітіреді. Астана қаласындағы «Топжарған» ақындар студиясының мүшесі. «Жүрегім жырдан ғана жаратылған» атты тұңғыш жыр жинағының авторы. Қызылорда қаласында өткізілген бірнеше облыстық мүшайраларының жүлдегері.  Ақмола облыстық «Туған тілім – тірегім», «Наурыз – мерейлі мереке» атты жыр мүшәйраларының гран-при иегері. Бірнеше республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы. Фариза Оңғарсынова атындағы «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты республика ақын қыздары мүшәйрасының І орын иегері. Мұқағали Мақатаев атындағы «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық ақындар мүшайрасының бас жүлдегері. Өлеңдері «Көкшетау жас ақындар антологиясы», «Қызырлы Қызылжар», «Қызылжар жас ақындарының жыр кітабы» жинақтарына  енген, республикалық  «Үркер», «Жұлдыз», «Тұмар», «Қазақ әдебиеті» сынды т.б.  басылымдарда жарияланып тұрады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде аға тілші  болып жұмыс істейді.