Николай Анов | өмірбаяны
Николай Анов (1891–1980) — 30 желтоқсанда Петербургте туған.
1908–1951 жж. Ресей және Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алғашқы әңгімелері 1914 жылы «Путь правды» газетінде, тұңғыш повесі – «Сыйлық» 1927 жылы «Сибирские огни» журналында жарияланады. «Азия» романы (1979), «Днепрострой» очерктер жинағы (1931) басылды. «Жоғалған інім» (1941, толықтырылған нұсқасы – 1960), «Ақмешіт» романы (1948), «Ән қанаты» (1956), «Менің жастық шағым» (1964, трилогияның 1кіт.), «Мәртебелінің өлімі» (1961), «Қазына түбегі» (1965), «Кашира аңызы» (1968) атты повестері жарық көрді.
Драматургия саласында «Сауығу» (1925), «Серкенің елге оралуы» (1934, «Жүрек әмірімен» (1955, Я.С.Штейнмен бірге), «Орынбор өткендерінен» (1956), «Мұрагерлер» (1961), «Қаһармандарды іздеу» (1974) атты пьесалар жазды. Олардың көпшілігі республикалық театр сахналарында қойылды. «Ширек ғасыр» (1945), «Қазақстан даласында» (1953), «Ән қанаты» (А.И.Витензонмен бірге, 1956) киносценарийлерінің және «Әдеби қиылыстарда» (1974) атты естеліктер жинағының авторы.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романының 2кітабын орыс тіліне аударуға қатысты. 1975 жылы шығармаларының екі томдығы шыққан.
2 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1970).