Несіпбек Айтұлы | өмірбаяны

0

Несіпбек Айтұлы  — 1950 жылы 22 қыркүйекте дүниеге келген.

Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор, 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры, 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 2001 жылдан бері Астана қаласында тұрады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеді. Қазір «Алтын тамыр» журналының Бас редакторы.

Алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме» («Серебряный сундучок»), «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, «Ескендір қорғаны» (Ә.Науаи), «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.

«Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы 2001 жылы республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.

«Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Құланойнақ» (2009) және «Бөгенбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Ақмола шайқасы», т.б. поэмалары жарық көрді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері.