Нәбиден Әбуталиев | өмірбаяны
Нәбиден Әбуталиев 1928 жылы 18 мамырда Атырау облысы, Новобогат ауданының (қазіргі Исатай ауданы) Молшағыл ауылында туған.
1945 жылы педагогика училищесін, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Парасат» журналында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясында қызмет істеді. «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесть, «Наркескен» атты романы жарық көрді. «Өттің, дүние» атты тарихи драмасы М.Әуезов театрында қойылған (1992). Ол Э.Хемингуэйдің «Климанджаро – қарлы тау», «Мерекеқызық мол жылдар» атты шығармаларын, орыс жазушысы С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін, монғол жазушысы Б.Чойндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Көптеген медальдармен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.
Шығармалары: Толқы, дала. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1970; Жаңарған ауыл. Очерктер. А., «Қайнар», 1970; Боран Нысанбаев. Очерк. А., «Жазушы», 1971; Жайлауда. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1972; Сахара сыйы. Очерктер. А., «Қазақстан», 1973; Құрдастар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1975; Қайран Нарын. Повесть. А., «Жазушы», 1980; Өттің, дүние. Повесть. А., «Жазушы», 1986, Наркескен. Роман. А., «Жазушы», 1989; «Сегіз сері». Әңгімелер. А., «Жалын», 1991; Әйтеке би. А., «Жалын», 1995; Ордабасы Қожаберген. А., «Жеті жарғы», 1995; Мұқағали Мақатаев. А., «Рауан», 1996; Есентемір Бөкен би. А., 1996; Шоқ жұлдыз. А., 1998.