Мыңжас Темір | өмірбаяны
Темір Мыңжасұлы Мыңжас — 1952 жылғы 25 қыркүйекте дүниеге келді. Орта мектептен кейін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы кәсіптік- техникалық училищені, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Көршілес түрікмен еліндегі Красноводск ауданының «Жұмысшы», Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол», Бейнеу аудандық «Рауан» газеттерінде бөлім меңгерушісі, Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінде жауапты хатшы болды. Сондай-ақ Жаңаөзен қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының, қала әкімінің орынбасары, қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Өнер» ҚКМ-інің директоры, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы тіл бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
2003 жылдың ақпанынан бері Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті Бас редакторының орынбасары қызметін атқаруда.
Шығармалары «Қарылғаш», «Қос ішек – Струны души», «Бекет ата», «Дала данасы», «Жыр моншақ», «Кәусар бұлақ» сынды оннан астам ұжымдық жинақтарға енді. Өзінің «Бойтұмар», «Атамекен», «Жүрек сөзі», «Сені іздедім», «Ақ қайың жылап тұр» атты кітаптары, 2012 жылы поэзиялық және прозалық туындыларынан тұратын қос томдық жинағы жарыққа шықты.
Темір Мыңжасұлы сондай-ақ 30-ға жуық ән мәтінінің авторы. Ол 2005 жылы республикалық патриоттық әндер байқауының (ән мәтіні үшін) дипломанты, 2009 жылы Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері, 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық конкурсының жеңімпазы атанды.
Темір Мыңжасұлы Қазақстан Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі.