Мүсілім Базарбаев | өмірбаяны
Мүсілім Базарбаев(1927–1995) — 15 маусымда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Кекірелі ауылында туған. Әдебиет зерттеуші ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Филология ғылымының докторы (1974), профессор (1982).
Қазақ мемлекеттік университетін (1948), КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген (1956).
1948–1951 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде істеді.
1952–1956 жж. Қазақстан КП ОКнде нұсқаушы, 1956–1970 жж. Қазақ КСР ҒАның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, директоры, 1970–1980 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрі, Сыртқы істер министрі, 1981–1988 жж. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры, жетекші ғылыми қызметкері, 1988–1995 жж. бөлім меңгерушісі болған.
Ол қазақ әдебиетінің алты томдық тарихы (1960–1967), орыс тілінде жарық көрген үш томдық тарихы (1968–1979) авторларының бірі. Оның «Әдебиет және дәуір» (1966), «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973) сияқты кітаптары қазақ тілінде, «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі» (1961), «Өміршең дәстүрлер» (1962), «Біздің әдебиеттің эстетикалық байлығы» (1976) кітаптары орыс тілінде жарық көрді. «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), «Қазақ поэзиясы: көркемдік ізденістер» (1995), «Замана тудырған әдебиет» атты кітаптары басылып шықты. «Қазақ совет әдебиеті» (10сынып, 1954–1985), «Қазақ әдебиеті» (11сынып, 1989–1994) атты орта мектептерге арналған оқулық авторларының бірі. Орыс және шетел классиктерінің шығармаларын (Н.С.Тургенев, Аристовтың, т.б.) қазақ тіліне аударған.
Қайнар қөз: http://www.writers.kz