Мұрат Хамраев | өмірбаяны

0

Мұрат Хамраев (1936–1983) Алматы қаласында туған. 

1959 жылы Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетін үздік бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасында оқыған. 1961 жылы кандидаттық, ал 1964 жылы докторлық диссертация қорғаған. 1969 жылы оған профессор атағы беріледі, 1978 жылы КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады. 1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми хатшы болып қызмет атқарады әрі Қазақ мемлекеттік университетінде әдебиет теориясы пәнінен дәріс оқиды. Мұнан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институты жанындағы Ұйғыртану бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Оқу министрлігі жанындағы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1977 жылдан өмірінің ақырына дейін Өзбек КСР Оқу министрлігі жанындағы Өзбек педагогика ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.

Ұйғыр орта мектептерінің ІХ сыныптарына арналған ұйғыр әдебиеті оқулығының авторы.

Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының Ушинский атындағы сыйлығының жүлдегері. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен және КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.

Шығармалары: Түрік өлең құрылысының негіздері. Монография. Орыс тілінде. А., «Жазушы», 1963; Түрік тілдес әдебиет терминдерінің қысқаша сөздігі (орыс тілінде). А., «Мектеп», 1966; Ұйғыр халқы мәдениетінің өркендеуі. Монография (орыс тілінде). А., «Қазақстан», 1967; Ғасырлар бойы өлмейтін өлеңдер. Мақалалар жинағы (орыс тілінде). А., 1969; Түрік өлеңдері теориясының очерктері (орыс тілінде). А., «Мектеп», 1970; Тарих. Теория. Шеберлік. Сын мақалалары (ұйғыр тілінде). А., «Қазақстан», 1971.