Мұқадес Есламғалиұлы | өмірбаяны

0

Есламғалиұлы Мұқадес (1946–2004) — 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, «Ақырап» ұжымшарында дүниеге келген. 

1967 жылы Орал педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. 1976 жылы Орал облыстық радиотелевидение комитетінде аға редактор, 1979 жылдан бастап республикалық «Жалын» баспасында аға редактор, 1983–1984 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 1984–1990 жж. республикалық телеарнада «Тамаша» ойынсауық хабарының Бас редакторы, 1990–1993 жж. «Денсаулық» журналында Бас редактордың орынбасары, 1993–1995 жж. «Жазушы баспасында жетекші редактор, 1998 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.

Тұңғыш әңгімесі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде 1966 жылы жарияланды. «Аққу сазы» (1977), «Екінші тыныс» (1982), «Қайырлы таң» (1984), «Екі басқа дүние» (1986), «Пробный камень» (1990, орыс тілінде) атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын» романы (1992), «Өз жүрегіңе үңіл»(1996) атты роман, повесть және әңгімелер кітабы, «Тұман ішіндегі көш» (2000) романы, пьесасы мен әңгімелер жинағы; 2003 жылы «Әйтеке би» атты тарихифилософиялық дилогиясы, тарихи зерттеулері топтастырылған «Сан қилы сауал» (1995), «Әйтеке би» (ғұмырнама, 1998); «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» (2000) атты кітаптары жарық көрді. 

«Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтарды құрастырды. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шетел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған.

«Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылды. 

2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.