Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы | өмірбаяны

0

Халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы – 1841 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келді.

 

Әбілқайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның немересі. Оның туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп өнерпаз адамдар болған. Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау өңірлерін аралап, «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанды. Оның «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері әншілік өнерінің сан қырлы табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, нәзік те сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін қалыптастырды.

 

Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітабында Мұхитты «қазақтың Баяны» атап, Қазақстанның батысында Мұхиттың шығармашылығын белгілі ән мектебі деп қарау керек» деп жазды. Ол тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды.

 

Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары — Шоң мен Нәу, немерелері — Шайхы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармаларында кеңінен пайдаланды. Евгений Брусиловский Мұхиттың «Алуаш» әнін «Жалбыр», «Үлкен Оразын» — «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларына пайдаланды.

 

Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы  1918 жылы дүниеден озған.