Мұхамеджан Тынышбаев өмірбаяны

0

 

Мұхамеджан Тынышбаев — 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазір Алматы облысы Қабанбай ауданы) дүниеге келген. Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері . Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданады. Мұхамеджан Тынышбаевтың тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пет өркениетке ұмтылған қазақ халқының тағдырымен бір. Даярлық сыныпты қоса есептегенде, 10 жыл аталған гимназияда оқыған М.Тынышбаев оны үздік (алтын медальмет) аяқтайды. 1900 жылы оқушыны ұлтқа бөліп алаламайтын, білімдіні қадірлейтін гимназия директоры М.В. Вахрушевтің Жетісу губернаторына дәлелдеп жүріп стипендия бөлгізуінің арқасында (ол шақта мемлекет есебінет оқу тек осылай жүргізілген) Мұхамеджан император I Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтына қабылданады. Бұл институтты 1906 жылы бітірген.

Тынышбаев сонымен бірге ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Ол Орыс география қоғамы Түркістан бөлімінің,  Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының қызметіне ат салысады. Халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дереккөздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазады. Оның тарихты терең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» секілді, т.б. тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көне дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заманы ретінде жеке қарастыратын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынысы тарихшы-ғалымның өзіндік қалыптасқан тарихи көзқарасы бар екендігін аңғартады. Сонымен қатар еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген приципті берік ұстанған және бұл приципті өзге зерттеушілердің де ұстауын талап етеді.

Тынышбаев 1922 жылдан Түркістан АКСР-і Су шаруашылығы басқармасында, Ташкентте жер суландыру бөлімінде, Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, Жетісу губерниясы атқару комитетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде таныта білді. 1927 жылдан Түркістан — Сібір темір жолы құрылысында еңбек етті. Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб құрылысын салу барысында айрықша танылды.

Осы еңбектеріне қарамастан Тынышбаев кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы тамыздың 3-інде тұтқынға алынады. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айыптар тағылады. Кейінгі жылдары да үнем бақылауда болған ол, ақырында кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына, көшеге, Алматы облысы Сарқант ауданының бір ауылына Тынышбаев есімі берілді.

 

Толығырақ:

Ұлыстың мерейі үшін елдің ертеңі үшін қызмет етіп, Кеңес үкіметінің қанқұмар солақай саясатының құрбаны болған асыл азаматтарымыздың бірі Мұхамеджан Тынышбаев. Ол қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, ағартушы-ғалым.

Мұхамеджан Тынышбаев: қазақтан шыққан тұңғыш инженердің өмірбаяны

Ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілдерінің бірі Мұхамеджан Тынышбаев  1879 жылы 12 мамырда қазіргі Алматы облысындағы Қабанбай ауданында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Бұл өңір орыс халқы көп келіп қоныстанған ауыл болатын. Сол кездері қазақ мектептері болмағандықтан бала Мұхамеджан кішкентайынан орыс тілін жетік біліп өседі. Ол ауыл молдасынан хат таныды. Әкесі де көз ашық адам болғандықтан, ұлының білім алуына көп еңбек сіңірді. Мұхамеджан Тынышбаев ауылдағы орыс балалармен араласып, бірге ойнап жүріп-ақ, орыс тілін үйреніп алады. Жас күнінен оның ұмтылысы, білімге деген құштарлығы керемет болды. Бір күні Тынышбайдың шаңырағында қонақта болған татар молдасы бала Мұхамеджанды көріп, оның кереметтей алғыр, зерек бала екенін айтады.

Сол уақытта генерал губернатор Колпаковский өзінің қол астында жұмыс істеу үшін білімді, білікті жастарды жұмысқа тартып,  олардың жағдайын жасау жөнінде тапсырма береді. Таңдау алғыр әрі қабілетті Мұхамеджан Тынышбаевқа түседі. Көкірек көзі ояу Тынышбай «ұлымның болашағы үшін мұндай мүмкіндікті пайдалануым керек» деген ойға келеді. Сөйтіп, Лепсіде оқып жүрген ұлын Алматыға алып келіп, ерлер гимназиясының дайындық курсына оқуға береді.

10 жасынан бастап Мұхамеджан Алматыдағы гимназияда оқиды. Алдымен, екі жыл дайындық курсын бітіріп, кейін 8 жыл негізгі оқуын оқиды. Гимназияда ол математика, логика, геометрия пәндерін терең меңгереді. Орысша, французша еркін сөйлеуді де осы гимназияда үйренеді.

Мұхамеджан Тынышбаев 1 сыныптан бастап өте жақсы оқыған. Мектепті алтын медальмен бітірген. Бала күнгі арманы тарихшы болу болған. Оның тарихқа деген қызығушылығы ерекше болды. Бір күні Мұхамеджан Тынышбаев мектеп бітіру кешінде құрдастарымен сөзге келіп қалады. Сонда қатарластары оның намысына тиіп, мектепті     алтын медальмен бітірсең де, сен Ресейдің теміржол институтына өз күшіңмен түсе алмайсың деп айтады. Бұған намыстанған Тынышбаев теміржол қатынастар институтына тапсырады. Осылайша, гимназияны аяқтаған соң Санкт-Петербургтағы І Александр атындағы жол қатынастар инженерлерінің институтына түседі.

Даңқты профессорлар, атақты инженерлер дәріс беретін кафедралары мен зертханалары, жабдықталу деңгейінен әлемде теңдесі жоқ институт ондаған жылдар бойы тек дворяндардың балаларын оқуға қабылдайтын. Ал Мұхамеджан Тынышбаев  Жетісу генерал-губернаторының 360 рубльдік стипендиясына оқыған.

Мұхамеджан Тынышбаев 1903 жылы жазған хатында: «Сабақ бере алмаймын, өйткені бір минут бос уақыт жоқ. Кейде тіпті жарты сағаттық үзілісте де таза ауамен тыныстауға мүмкіндік болмай қалады» деген.

Петерборда оқитын қазақ жастарына жазғы демалыстарында елге кетерінде Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясының мүшесі Әлихан Бөкейханов секілді азаматтар арнайы тапсырма беріп, «елге барғанда жер дауына, басқа да тартысты мәселелерге назар аудара жүріңдер. Орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қатысты материалдарды жинап, ала келіңдер» дейді. Алғыр әрі зерек Мұхамеджан Тынышбаев бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Елде жүргенінде Жетісудағы жер дауына қатысты материалдарға құлақ түріп, соған байланысты деректерді жинақтай жүреді. Орыс әкімшілігінің қанаушыларына, басқа да зорлық-зомбылығына қатысты жайттарды да жинап, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясына тапсырып отырады.

1906 жылы Верный қаласында Мұхамеджан Тынышбаев атақты фельдшердің қызы Гүлбахраммен көңіл қосып, отбасын құрады. Олардың Ескендір, Фатанад-Бану және Динар-Зада атты балалары дүниеге келеді. Бұған дейін Мұхамеджанның жас кезінде атастырып үйленген әйелінен Бибісара атты қызы қалған болатын.

«Институтты бітіргеннен кейін ұлы Ескендірмен келеді. Ал әйелі холерамен ауырып, қайтыс болады. Сол кезде холерадан ауырған адамды өртейді екен. Ол кезде әйелін көміп қойған болатын. Мұхамеджан Тынышбаев іссапардан келгенде әйелінің көз жұмғанын біледі. Сонда ол балаларға да ешқайсысына айтпай, өзі барып әйелінің топырағын құшақтайды. Үйге келгеннен кейін, балаларына: Менің өлгім келді. Мен өмірімді осы кісімен ұштастырдым. Өте жақсы көремін. Мен сендер үшін ғана тірі жүрмін. Әйтпесе, тапаншаны алып, сол жерде әйеліммен бірге өлгім келді» деген»,- дейді Мұхамеджан Тынышбаев атындағы қоғамдық қордың президенті Нұршәкен қажы Жүнісқызы.

1913 жылдан бастап Орынборда Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтар «Қазақ» газетін шығара бастады. Басылымның ұстанымы Мұхамеджан Тынышбаевтың да көкейіне қонады. Ол «Қазақ» газетінің жұмысына белсене араласады. Ал 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылады. Сол уақытта Тынышбаев қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі, ұлтымыздың болашағы үшін қабылданған тарихи шешімдердің басы-қасында жүреді. Бірінші және екінші жалпықазақ съездеріне қатысады. Алаш партиясын және қазақ комитеттерін құруға ат салысқан тарихи тұлғалардың бірі болды. Алашорда үкіметін құруға араласты. Өзі де Алашорда үкіметінің құрамына кірді. Бұл Тынышбаевтың қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекетін қолға алған тұлғалардың қатарында болғанының айқын дәлелі.

«Тынышбаевтың белсенді саяси қызметінде үлкен орын алатын кезең ол кісінің Қоқан қаласында өткен Түркістан мұсылмандарының 4-ші съезінде қабылданған шешімі. Түркістан мұсылмандарының 4-ші съезінде Қоқан автономиялы үкіметі құрылды. Сонда Мұхамеджан Тынышбаев Қоқан автономиялы үкіметінің төрағасы болып сайланды»,- дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Түрксібті салу жөнінде шешім қабылданған уақытта  Мұхамеджан Тынышбаевты да Түрксіб құрылысымен айналысатын арнайы комиссияның құрамына кіргізуді ұсынған бұйрық шығады. Сонымен құрылыс басталар сәтте келіп жетеді. Рысқұлов бұл үшін арнайы Мәскеуден келіп, Лугавой бекетінде теміржолдың тұсауын кеседі. Тұсаукесер рәсімі ретінде паравоз киіз үйдің ішімен жүріп өтеді. Бұл 1921 жылдың 27 қарашасы болатын. Салтанатты жиында барлығы сөз сөйлеп, паравоз Сібір бағытындағы алғашқы шақырымды жүріп өтеді. Рысқұлов бастаған бір топ басшы қолдарына балға алып, теміржолдың алғашқы сыналарын қағады.

Сол кезде Мұхамеджан Тынышбаев құрылыстан ешқандай хабары жоқ жергілікті қазақ балаларына арналған курстар ашады. Ауыл балаларына теміржол құрылысының қыз-сырын үйрете бастайды. Осы 50-ге жуық қазақ баласы білім алады. Мұхамеджан Тынышбаев оларға арнап оқулықтар жазады.

Тынышбаев қызметін Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан наркоматтарының жауапты қызметкерлерімен сөйлесуден бастайды. Ол теміржол құрылысына жұмысшылар алу және қажетті материалдар мен азық-түлікпен қамтамасыз етумен келседі. 1927 жылы Түрксіб жолының барлау жұмыстары аяқталып, 1928 жылы көктемде теміржол  құрылысын бастауға шешім қабылданады.

«1930 жылы Тынышбаев ОЛПУ органдар тарапынан тұтқынға алынған. Оған «Құлан ауылына келгеннен кейін теміржол бағытын неге Пішпек емес, Шу арқылы Алматыға қарай өткізуді жақтадыңыз» деген айып тағылды. Сонда Тынышбаев бұл жерде ешқандай жеке, басқа жүдделер жоғын айтады. Тиімділік, экономикалық тұрғыда тиімділік жағын ойлап, қарастырдық. Менің түсінігім бойынша, теміржол бағытының Алматыға қарай Шу арқылы жүргені үнемді болатын еді дейді. Ал, енді Алматыға қарай Пішпек арқылы өтсе, онда тура орта жолда Қордай асуы тұратын еді. Қордай асуынан теміржол өткізу қымбатқа түсуші еді деп, жауап қайырған», — деді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.

Таңғы сағат 8-45-те екі жақтың құрылысшылары соңғы шпалдарды төсеп шыққан болатын. Екі жарым жыл бұрын олардың арасында 1446 шақырым жер бар болатын. Олар құрылысты 540 күн ерте бітірді. Түрксібтің соңғы сынасын Тұрар Рысқұловтың өзі қақты. 1905 жылы дипломдық жұмысында жазған Мұхамеджан Тынышбаевтың арманы 25 жылдан кейін, осылайша орындалған болатын.

Өткен ғасырдың 30-жылдары қыздары тұрмыс құрып, ұлы Ескендір Ленинградқа оқуға кеткеннен кейін Мұхамеджан Тынышбаев үйінде жалғыз қалады. Сонда жолдастарының кеңесі бойынша башқұрт қызы Әмина Шейх-Әлиге үйленеді. Бұл некеден Дәулет есімді ұлы дүниеге келеді.

«Мен туған кезде әкем түрмеде болатын. Түрксіб теміржолы да салынып қойған еді. Дегенмен, олар алғашқылардың бірі болып осы жолмен жүріп өтті»,- дейді Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әли.

1932 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Воронежге кетерінің алдында отбасына соңғы рет келіп, қоштасып кетеді. Сот болғаннан кейін Алашордашыларды Воронежге жібереді. Сонда бас-аяғы 16 адам болған екен. Арнайы жасақтың күзетімен оларды ары қарай жөнелтеді.

2 жыл Алматы түрмесінде жатқан Мұхамеджан Тынышбаев темір торлы вагонмен Алматы вокзалынан Түркісіб арқылы Ресей жеріне аттанады. Воронежге жер аударылып барған Тынышбаев теміржол құрылысында жұмыс істейді. Мәскеу-Дамбас теміржол құрылысын салуға қатысады. Оның артынан әйелі мен баласы да аттанады. Олар Тынышбаевтың мерзімі аяқталғанға дейін Воронежде тұрады. Мұхамеджан Тынышбаев 5 жылдан кейін босайды. Бірақ, енді оның Алматыға оралуына тыйым салынады. Осылайша, ол Ташкентке табан тірейді.

«Ташкенттегі, Воронеждегі тұрмысымыз есімде. Менің тілім кеш шыққан. Әкем, «сенің отаның Алматы, сен инженер болуың керек» дегенді сол кездің өзінде құлағыма құю беретін. Менің отаным Алматы деп өзі айтып, маған қайталататын. Мен инженер боламын деп айт деуші еді. Әттең, ол кісінің бұл өмірден ерте озуына біреулер себепкер болды. Кейін әкемнің аманатын орындап, мен инженер болдым», — дейді Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әли.

Қуғын-сүргіннің мұнымен аяқталмайтынын түсінген Мұхамеджан Тынышбаев әйелі мен ұлын Әмина Шейх-Әлидің Уфадағы туыстарына жібереді. Осылайша, өзі Батыс Қазақстан арқылы Ташкентте тұратын үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Мұнда да көп тоқтамай бірден Қандыағаш–Гурьев темір жолының құрылысына жұмысқа орналасады. Алайда, денсаулығы күрт нашарлап, Ташкентке оралуға мәжбүр болады. Ақырында оны 1937 жылы 21 сәуірде Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқындайды. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш инженер өзі секілді қуғанға ұшыраған тағдырластарымен бірге  1937–1938 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесіледі.

Алматыдан Лепсіге, Лепсіден Аягөзге, Аягөзден Семейге, екінші бағыты Алматыдан Шымкент арқылы Қызылордаға қатынайтын теміржолдың әрбір шақырымында қазақтың тұңғыш инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың қолтаңбасы жатыр деуге болады. Түрксіб деп аталған теміржолдың алғашқы жобасы Мұхамеджан Тынышбаевтың университет бітіргендегі дипломдық жұмысында жазылған.

Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері 1969 жылы бір-ақ ақталды. Әйелі Әмина Шейх-Әли екінші рет тұрмыс құрған жоқ. Ол баласымен бірге тұрды. Дүние саларынан жарты жыл бұрын ғана күйеуінің ақталғанын естиді. Сонда күйеуінің ақталғанына қатты қуанып, о дүниеге көңілі жайланып аттанған екен.

Бүгінде сонау Түрксібтен бастау алған қазақ теміржолы ел экономикасының күре тамырына айналған негізгі салалардың бірі болса, осы үлкен жетістікте қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұхамеджан Тынышбаевтың да зор үлесі бар.