Михаил Булгаков | өмірбаяны
Михаил Афанасьевич Булгаков (2(14).5.1891, Украина, Киев — 10.3.1940, Ресей, Мәскеу) — орыс жазушысы. Киев университетінің медицина факультетін бітірген. 1919 жылға дейін Смоленск губерниясында дәрігерлік қызметте болып, онан кейін әдебиетке бет бұрған.
1920 — 22 жылы “На канунг” (Берлин) газетімен байланыста болды. Алғашқы сатиралық жинақтарында оның суреткерлік дарыны байқалды. Булгаковтың “Ақ гвардия” романының стиліне поэтикалық қуат пен нәзік психологизм тән. Осы романның ізімен “Турбиндер күні” пьесасын жазды (1925). Мұнда орыс зиялы қауымының революцияны қабылдамаған белгілі бір бөлігінің терең драмалық тағдырлары суреттеледі. “Қашу” пьесасында (1928) ақ гвардияшылар мен ақ эмигранттардың ішкі күйзелісі, шет елдегі өмірі бейнеленген. Булгаковтың “Зойканың пәтері” (1926), “Қан қызыл арал” (1928), “Мольер” (1936), “Соңғы күндер” (Пушкин туралы, 1940) атты үздік пьесалары жарық көрген. “Мольер мырзаның өмірі” (1933) романында суретші және билік тақырыбы көрініс тапқан. “Мастер және Маргарита” (1940) романы аса күрделі тарихи кезеңді қамти отырып, өнерге адалдық пен тазалықты биік танымда суреттеп берген.