Кәдірбек Сегізбай | өмірбаяны
Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбай Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Жарсу ауылында 1941 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. 1960 жылы Зайсан қаласы М. Әуезов атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, туған аулында екі жыл қойшы, ферма есепшісі, интернат тәрбиешісі болып жұмыс істеді. 1962 жылы әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1967 жылы журналист мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1967–1974 жылдары “Жас Алаш” (бұрынғы “Лениншіл жас”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1974–1977 жылдары “Зерде” (бұрынғы “Білім және еңбек”) журналында жауапты хатшы, 1977–1986 жылдары “Жалын” альманахында бас редактордың орынбасары, 1986–1990 жылдары Қазақ энциклопедиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1990–1995 жылдары “Санат” баспасында бас редактор, 1995 жылдан “Атамұра” корпорациясында вице-президент болып қызмет істейді.
Алғашқы “Ашылмаған сыр”, “Бала бура” сияқты әңгімелері 1969 жылдары “Жас Алаш” газетінде, “Жұлдыз” журналында жарық көрсе, отыз жылдан астам уақыттан бері көптеген повесть, әңгімелері басқа да газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді.
Кәдірбек Сегізбайдың қазақ және орыс тілдерінде оннан астам прозалық кітаптары жарық көрді. Тұңғыш әңгімлер жинағы “Ашылмаған сырда” (1972) Табиғат және Адам дейтін қос ұғымның мәңгілік қарым-қатынасы негізгі арқау болса, жазушы бұл тақырыпқа жиі оралып, “Аюдың өті”, “Үш тоғыс”, “Сұрау белгісі”, “Қара қасқыр” сынды повесть, әңгімелерінде осынау келелі мәселе төңірегінде келісті ойлар қозғайды. “Жылдың ең қысқа күндері” (1978), “Жап-жасыл әлем” (1988), “Қойнаудағы ауыл” (1975) жинақтары негізінен соғыстан соңғы жылдардың ауыртпалығы мен балдай тәтті балалық шақтың базарлы күндеріне көбірек ден қояды. “Жол” (1989) романы автордың күрделі жанрдағы тұңғыш еңбегі болса, 1920 жылдары білім іздеп, Аягөзден атпен шыққан бес жеткіншектің алған беттерінен қайтпай Мәскеуге дейін қилы-қилы қиындықпен жеткендерін, олардың өнер-білімге ұмтылған жастардың шын мәніндегі алғашқы қарлығаштары бола білгендерін сенімді баяндап шыққан. Роман болған оқиға ізімен жазылса да, деректілікті сақтай отырып, көркем туындыға қойылар талаптарға жауап бере алады. “Біз қалада тұрамыз” (1983) повесть-хамсасы, “Жер ортасы” (1991) кітабы негізінен қала өмірінің, жас мамандар тіршілігінің қиындығы мен қызығына арналған. Ал “Беласқан” романында 18 ғасыр соңындағы шығыс шекарада ел билеген мінез-құлқы көп қыртысты Қамбар төренің жұртты егіншілік, отырықшылық сияқты жаңа үрдіске баули бастауы, қазақ-қалмақ қарым-қатынасының жаңаша, достық сипатта дамуы арқылы өріледі. Сол кездегі өмір салты, дәстүрлік құндылықтар, әдет-ғұрыптар көркем суреттеледі.
“Люди дальних дорог” (1981), “Этот зеленый, зеленый мир” (1988) кітаптары орыс тілінде шықса, біраз әңгімелері шет ел тілдеріне аударылған.
К. Сегізбай орыс жазушысы Альберт Лихановтың “Менің генералым” романын (1985), словак жазушысы мария Дрючкованың “Ақ ханша” (1987) повесін, поляк ғалымы әрі суретшісі Бронислав Залесскийдің 1865 жылы Парижде жарық көрген “Қазақ сахарасына саяхат” (1991) жолжазбасын, сондай-ақ көптеген алыс-жақын шет ел жазушыларының шығармаларын аударған.
Жазушыға “Біз қалада тұрамыз” кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының 1984 жылы М. Әуезов атындағы сыйлығы берілген. 1986 жылы “Жап-жасыл әлем” повесі республикалық жабық конкурста бірінші жүлде алған. 2001 жылы ҚР Мәдениет министрлігі еліміздің тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнап жариялаған жабық бәйгесінде жазушының “Арасан” повесі 2-жүлдеге ие болған.
Сегізбайұлы Кәдірбек (1.5.1941 ж. т. Шығ. Қаз. обл. Зайсан ауд) – баспагер, журналист, жазушы. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген (1967 ж.) соң еңбек жолын «Лениншіл жас» (қаз. «Жас алаш») газ. ред-да әдеби қызметкер, бөлім бастығы болып бастаған ол «Білім және еңбек» (қаз. «Зерде») журналында жауапты хатшы (1974–77 жж.), «Жалын» альманағы және «Жалын» баспасында бас редактордың орынбасары (1977–86 жж.), Қазақ энциклопедиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, (1986–90 жж.), «Санат» баспасында бас редактор (1990–1995 жж.) болып жалғастырды. 1995 жылдан 2004 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Атамұра» баспа корп.-сында корп. президентінің бірінші орынбасары, баспа директоры, вице-преиденті болып қызмет істеді.
С. отыз жылға жуық тікелей баспа саласында еңбек етті. «Жалын» альманағы еліміздегі жас ақын-жазушылардың шығармаларымен оқырмандарды таныстырып отырса, «Жалын» баспасы негізінен жастар шығармаларын кітап етіп жариялап отырды. Қаз. энц. бас ред-сы бүлдіршін балаларға арналған энц. басылымдардан бастап, еліміздің ғылымына, өнер-білім, әдебиет-мәдениетіне арналған 4 томдық қысқаша, сондай-ақ танымдық-тақырыптық энц. жарыққа шығарды. ал «Санат» баспасы студенттерге арналған оулықтар мен тарихи шығармаларды жаряилауға бейімделді. «Атамұра» баспа қоры құрылған күннен бастап жұрт сұранысындағы тарихи-танымдық, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға арналған, сондай-ақ жекелеген көркем шығармалар жинақтарымен қоса: көп томдық «Қазақстан тарихы», «Абай» тұлғалық, «Абай тойы» тақырыптық, «Ақмола», «Маңғыстау», «Атырау» сияқты аймақтың энциклопедияларды жарыққа шығарды. «Атамұра» баспасы орта мектептерге арналған жаңа буын оқулықтарын және 12 жылдық оқу бағдарламасына байланысты тың тұрпатты оқулықтарды негізінен қазақ, орыс, ұйғыр, ішінара өзбек тілдерінде уақыт талабына әзірлеп-шығаруда ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Сөзі жұмыс істеген баспаларда атқарылған қат-қабат жұмыстың бел ортасында жүрді, істі оңтайымен ұйымдастыра білетін басшылардың бірі ретінде таныла білді.
С. Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі. Оннан астам әңгіме, хикаяттар жинатарының, романдардың авторы. 7–8 алыс-жақын шет тілдеріне жекелеген кітаптары, шығармалары аударылған. Әр ел тарихшы, саяхатшы, жазушыларының біраз кітаптарын қазақ тіліне аударған. Көркем шығармалардың республикалық жабық конкурсында екі дүркін бірінші және екінші жүлдесіне ие болған.
1984 ж. «Біз қалада тұрамыз» жинағы үшін М. Әуезов атындағы сыйлық берілген.
2001 ж. «Қаз рес. тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.