Кәдірбек Құныпияұлы | өмірбаяны

0

http://adebiportal.kz/manage/news/edit/19283

 

Кәдірбек Құныпияұлы 1962 жылы Тасбұлақ ауылында дүниеге келді. 1969 жылы Қарқара орта мектебінде 1 сыныпқа барды. 1970 жылы Кеген ауылына қоныс аударғандықтан, Кеген қазақ орта мектебінде 2 сыныптан бастап оқуын жалғастырды. 3-сыныптан бастап Қызылту сегіз жылдық мектебінде оқып, 1977 жылы осы мектепті, 1979 жылы қазіргі Өжек Жаңабаев атындағы Кеген қазақ орта мектебін бітірді. Осы жылы, яғни 1979 Абай атындағы мемлекеттік Қазақ педагогика институтының тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсті.

Институт қабырғасында «Педагог» газетінде қоғамдық негізде корректорлық қызмет атқарды. Сонымен бірге С.Сейфуллин атындағы әдеби бірлестіктің «Жас қанат» қабырға газетін шығарумен айналысты. Бұл жылдары әдеби бірлестікке Кәдірбектің ұстазы – жазушы Мұхтар Мағауин жетекшілік жасаған болатын.

Институтта оқып жүргенде Фариза Оңғарсынованың алғысөзімен «Пионер» журналында, Мұхтар Мағауиннің батасымен «Қазақстан мұғалімі» газетінде тырнақалды өлеңдері жарияланды. Кәдірбек Құныпияұлы, Нұрлан Әбдібеков сияқты ақындар белді мүшесі болған «Жеті қарақшы» командасы «Көкпар» деп аталатын танымдық телеойында республика бойынша бірінші орын алды.

1983 жылы оқуды бітіріп, Кегенге оралды. Аудандық «Коммунизм нұры» газетінде радио хабарларын ұйымдастырушы болып еңбек етті.

1984-85 жылдары әскери борышын Ресейде өтеді;

1985-86 жылдары Кеген аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясы бастығының орынбасары қызметінде;

1986-90 жылдары аудандық газеттің бөлім меңгерушісі;

1990 жылы Алматыға қоныс аударып, «Алматы ақшамы» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды.

Бұдан кейін «Өркен – Горизонт», «Қазақстан – Заман», «Жетісу» газеттерінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 2005-2010 жылдары республикалық «Заң Газетінің» Бас редакторы, 2010 жылдан «Ан Арыс» баспасының Бас редакторы қызметінде.

«Астананың 10 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Алматы облысы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

Отбасылы, 3 ұл, 1 қызы бар.