Ибраhим Бекмаханов | өмірбаяны

0

Ибраhим Бекмаханов 1951 жылы 22 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылдық кеңесінде туған. 

1981 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1968 жылы аудан орталығындағы №26 қазақ орта мектебін аяқтаған соң Чапаев атындағы колхозда (қазір «Ақтөбе» ұжымшары) колхозшы болудан бастаған. 

1969–1970 жж. киномеханик болған. 

1973 жылы шоферлық курста оқып, 1974 жылы Қармақшы аудандық мәдениет бөлімінде шофермеханик болып жұмыс істейді. 

1974 жылы Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде корректор, радиохабарын ұйымдастырушы, аға тілші, 1979–1984 жж. Қармақшы аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, парткомның нұсқаушысы болып жұмыс істеген. 

1984–1988 жылдар аралығында Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде тілші, аға тілші, 1988 жылы Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде тілші, мәдениет, ауылшаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қаламгердің бірнеше ұжымдық кітаптарға өлеңдері енген. 

1993 жылы Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы жанындағы «Аққұс» шығармашылық бірлестігінен «Шапағат» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген. Сыр бойының атақты жырауы Тұлымбет Салқынбаевтың «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты жинағын (1992) шығарған.