Хажымұрат Сыздықов | өмірбаяны

0
38

Хажымұрат Сыздықов 1920 жылы 18 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Қарағаш ауылында туған.

Қызылжар (Петропавл) қаласында «Қазақ коммунасы» балалар үйінде (1931–1936), кейін интернатта тәрбиеленіп, 1938 жылы сондағы қазақ орта мектебін бітіреді. Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогика институтының 1-курсында оқып жүргенде, 1940 жылы әскер қатарына алынып, Батыс Белоруссияда Брест-Литовск қаласында әскери қызмет атқарады. Ұлы Отан соғысына қатысады. Жауынгерлік медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген (1957). Қазақ радиосында (1946–1947), Түрксіб темір жолы басқармасының «Теміржолшы» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, тілші, «Мектеп» баспасында аға редактор (1956–1968), «Қазақ совет энциклопедиясында» аға ғылыми редактор (1968–1984) қызметтерін атқарған.

Алғашқы өлеңдері 1938 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланды. Соғыстан кейінгі кездерде республикалық баспасөз бетінде мақала, рецензия, очерк, аудармалары жарық көрді.

Шығармашылығының негізгі саласы – көркем аударма. В.Васильевскаяның «Айнымас күресте» (1962) туындысынан бастап, И.Буниннің «Балқарағай» жинағын, Л.Н.Толстой шығармаларының бір томдығын, А.П.Чеховтың әңгімелерін, Д.Нгуги, Е.М.Ремарк романдарын, А.Макаенок, В.Шукшин, Н.Мирошниченко пьесаларын тәржімалаған. А.Чеховтың, И.Буниннің, Р.Тагордың, О.Генридің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударды.

І дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.