Хангелді Садықбек (Сахан Молдаш) | өмірбаяны

0

Хангелді Садықбек (Сахан Молдаш) 1937 жылы 12 сәуірде Қызылорда қаласының іргесіндегі Тереңсай ауылында дүниеге келді. 

1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. 1969 жылы Алматы жоғары партия мектебін тамамдады. Еңбек жолын 1955 жылы Қызылорда локомотив депосында қатардағы жұмысшы болып бастаған. 1959 жылдан Қызылорда облыстық радиосының дикторы. Бұл жұмысты студент кезінде қатар алып жүрген. 1962 жылдан комсомол қызметінде: Қызылорда облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшысы, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болды. 1974 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстар бөлімінің нұсқаушысы, кейін осы бөлімнің кадр даярлау секторының меңгерушісі болды. 1979 жылдан Қазақ КСР халықтық бақылау комитетінің ғылым-білім және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1991 жылдан Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті кадр басқармасының бастығы, Алматы облыстық және қалалық радиосының бас редакторы, 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті кадр басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылдан зейнеткер.

Бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Шығармалары: Пернелер. Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1967; Шапақты шақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1973; Уақыт сазы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982; Күтемін сені. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1984; Сенім. Өлеңдер. А., «Жалын», 1985; Ағынды арна. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1986; Жер жүзіне нұр шашқан. Топтама. А., «Жалын», 1987; Аңсаған әнім. Өлеңдер. «Алатау», 1997; Жанартау жүрек. Таңдамалы. «Алатау», 1998; Алақан. «Фолиант», 2004; Құбыла. «Дала», 2006; Сұлу Сырдың сырғасы. «Фолиант», 2007; Алқа. «Ана тілі», 2008; Қоңыр күз. «Дәуір», 2008