Хамза Есенжанов | өмірбаяны

0

Есенжанов Хамза (1908–1975) — 25 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Чапаев ауданында туған. Алматы зоотнехния–малдәрігерлік техникумын (1928), Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1933). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы (1932–1933), КСРО ҒА Қазақ филиалында әдебиет пен фольклор секторын (1936–1937) басқарды. 

1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ академиялық Опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, ҚазПИде орыс әдебиеті тарихынан сабақ берді. 30жылдары «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке күш» сияқты әңгімелері және «Жер шарында» атты сахналық шығармасы жарияланды. Одан кейін жазушы сталиндік жаппай жазалау толқынына ілігіп, көп өмірін итжеккенде өткізіп оралған. 

1956 жылдан қаламгерлік өнімді еңбек жолын бастады. «Ақ Жайық» трилогиясы (1кіт., 1957; 2кіт.,1959; 3кіт., 1965) Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1971 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдебисын мақалалар жазды. 

1978–1981 жж. жазушының 6 томдық шығармалар жинағы шықты. «Ақ Жайық» романы орыс тіліне аударылып, одақтық, республикалық баспалардан (1964, 1969, 1973) жарық көрді. Ол М.Шолоховтың «Тынық Дон» («Тихий Дон») романының 1 және 4кітаптарын, И.С.Тургеневтің «Рудин», И.П.Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесін, т.б. шығармаларды аударды. 

Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Қайнар қөз: http://www.writers.kz