Есенгүл Кәпқызы | өмірбаяны

0

Есенгүл Кәпқызы – журналист, ақын, филология ғылымдарының кандидаты.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі. 1994 жылы еларалық «Шалқар» газетінен бастап, кейіннен «Алтын бесік» журналында, Би-Би-Си радиосының Алматыдағы қазақ бөлімшесінде қызмет атқарған. 2008-2011 жылдары «Азаттық» радиосының «Қазақтар әлемде» хабарының жүргізушісі. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі тұңғыш интернет-газеті «Тарланға» басшылық еткен ол бүгінде «Түркістан» газетінің журналистер тобын басқарып, «Мінбер» интернет-порталына жетекшілік етеді. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі. 2000 жылы ол «Сорос-Қазақстан» қорының «Баспасөз және миграция» номинациясы бойынша жүлделі орнына ие болса, 2003 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, 2004 жылы Білім және ғылым министрлігінің Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғысымен» марапатталады. 2010 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының грантына, 2011 жылы «Даму» қоры ұйымдастырған «Үздік экономикалық мақалалар» конкурсының жеңімпазы, 2011 жылы «Нұр Отан» партиясының жыл сайынғы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері. 2007 жылы «Сөздің шыны» («Ел шежіре» баспасы) 2010 жылы «Жырақта қалған тағдырлар» («Жалын» баспасы) атты публицистикалық мақалалар жинағы жарық көрген. 2009 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде «Журналистік этика және құқық мәселелер» тақырыбында дәріс оқиды. «Медианет» халықаралық журналистика мектебі ұйымдастырған семинар-тренингтердің, Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы ұйымдастырған журналистік тренингтердің және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ұйымдастырған семинар-тренингтердің тренері.