Есенғали Бөкенбаев | өмірбаяны

0
44

Есенғали Бөкенбаев (1921-2002). Есенғалидың туған жері – Маңғыстауда Жетібай маңындағы Айрантақыр деген жер. 1932 жылы он бір жасар Есенғали әкесі Жадырасыннан айрылды. Иек сүйер туысы, әкесінің ағасы Отарбай тағы дүние салды. Шешесі Бибіш үйелмелі-сүйелмелі Есенғали, Талшын, Үзіл, Ұлбөпе сияқты ұл-қыздарын ертіп, кәсіп іздеп Красноводскіге келді. Әуелі туған жері Қызық мектебінде, кейін Красноводскідегі қазақ интернатында оқыған Есенғали үй ішінің күнелтісі үшін қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен жұмысқа жүреді, анасына көмектеседі, сүйтіп жүріп майданға кетеді.

Есенғали 1942 жылы Ұлы Отан соғысына он сегізінде аттанып, Европаның бірқатар жерінде болады: Смоленск, Великие Луки, Гомель, Кенигсберг, Цеханун, Старгорд, Гданск, Голмиц, т.б. Қаһарлы ауыр жылдардағы от кешкен жылдардың айқын куәсі – ақын өңіріндегі екі «Қызыл жұлдыз» ордені мен көптеген медальдар.

Қаршадайынан жыр жаттап, Абыл мен Ақтанға, Қашаған мен Сәттіғұлға елти, еліктей өскен, 1941 жылы «Красноводскідегі «Жұмысшы» газетінде «Жоямыз жауды!» деген алғашқы өлеңін жариялаған Есенғали «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» газеттеріне үзбей өлеңдер жариялайды, Ж.Молдағалиевпен, Ж.Тілековпен, С.Сейітовпен кездеседі.

Есенғали, әсіресе, 1945 жылы сәуірдің 24-і күні Польшаның Гданск қаласын азат етуде ерекше ерлік көрсетеді. Өзге құрамалармен бірге 26-гвардиялық моторлы атқыштар бригадасы төтенше тапсырма алады. РП-2 радиостаициясының бастығы, гвардия сержанты Есенғали Бөкенбаев өзге радистермен бірге оқ жауып тұрғанда аңдатпай өтіп, жерасты үйлеріне радиостанциясын орнатып, тапсырмаларды сәтті орындайды. Сол ерлік қимылдары үшін Есенғали «Кызыл жұлдыз» орденімен наградталған.

Есенғали ақын Отан соғысынан кейінгі жылдарда да өлеңді өгейсіткен емес. Ол мерзімді баспасөз беттерінде әр кез жыр толғаумен келеді. Бұл күндері Есағаңның жасы да кемелді шаққа жетіп, жыр дәптерлерінің саны да молая түсіпті. Сол дәптерлердегі өлең, жырлардың тақырыбы да әр алуан, сыр-сипаты да әрқилы, Олардың санатында ақпейіл арнаулар да, шабытты шалқыма жырлар да, салмақты ақыл, нақылдық термелер де, тебіреністі толғаулар да бар.

Есенғали – әдеби дәстүрді ерекше қадір тұтатын ақын. Ол Әл-Фараби мен Рудакиді, Мақтымқұлы мен Абылды, Қашаған мен Сәттіғұлды, Мұрын жырау мен Жамбылды құлай сүйіп, тебірене жырлайды.

Есағаң қазақтың бағзы жыраулары мен ақпа ақындарын өзінің мейірлене сусындар нәрлі бастаулары санаса, бүгінгі жыр әлемін үнемі қадағалап оқып отырады. Өткілбай Көпеков сияқты ақындарымен бір жүріп жыр өрбітеді, Төлеген, Құдайберген, Дәрібай, Есберген, Темір сияқты ақын, ел азаматтарымен үн қосып, халқымыздың ұлттық әдет-ғұрпы мен тарихын, тілі мен мәдени дәстүрлерін насихаттауға атсалысады.

Әр кез халықпен етене араласып, оның мұңына қабырғасы кайыса қайғырып, қуанышына жүрекжарды жыр төгетін ақын «Тоғыз қайықта» ерекше сыр танытады. Оның бүкіл шығармашылық өрнегінен халық поэзиясы мен бүгінгі әдебиетті байланыстырып тұрған алтын көпір іспетті мінез-қасиеттер аңғарылады. Есенғали бұл жырда теңіздің сұрапыл дауылында қазаға ұшыраған ержүрек балықшыларлы суреттей отырып, олардың туған-туысқандарына көңіл айтады, қатерге душар болғандардың қаһармандық істерін, кісілік келбеттерін медеу етіп, рухтарын қастерлей жырлайды. Бұл – шын мәнісіндегі оларға деген әдеби ескерткіш еді.

Есенғалидың бірқатар өлеңдері Қазақстан байлығы, туған жері Маңғыстау, туысқан Түркіменстан хақында. Ақын бәрінде де шабытты, бәрінде де татаусыз ағындап, ақтарылып отырады.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз