Еркін Нұразхан өмірбаяны

0

Еркін Ибрагимұлы Нұразхан — 1953 жылы 17 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жаңғызтал ауылында туған. Қазақ. Әкесі — Нұразханов Ибрагим (1908-1993), Сталин атындағы ұжымшардың, Комсомолдық ауыл кеңесінің төрағасы болған. Анасы — Бақатқызы Бежхан (1915-1980), үй шаруасымен айналысқан. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін; Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының көркемсурет факультетін бітірген (1986), сахнаның суретші-технологы. «Кімге күлеміз?» сатиралық суреттердің, «Қабанбай батыр», «Қасым Қайсенов», «Оралхан Бөкеев» кескіндемелік портреттердің және т.б. жұмыстардың авторы. Өскемен (2004, 2010), Семей (2005) қалаларында, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында (2005) жеке көрмелерін өткізген; Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері мен оқытушылары республикалық көрмесінің (2008), «Арт-үдеріс» (2009), «Көктемгі экзерсистер» (2009) республикалық көрмелерінінің қатысушысы; «Ұлт және руханият» (2003) мақалалар жинағының авторы. Жұмыстары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында, Шығыс Қазақстан этнографиялық мұражайында (Өскемен қаласы), Невзоровтар әулеті атындағы Шығыс Қазақстан бейнелеу өнері мұражайында (Семей қаласы), Тарбағатай аудандық тарихи мұражайында (Ақсуат ауылы), О. Бөкеевтің әдеби-мемориалдық мұражайында (Шаңғыстай ауылы) сақталуда. 

1983 жылдан — «Балдырған» журналының көркем редакторы. 

1991-1992 жылдары — «АлмаСТ» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорынының бас суретшісі. 1993 жылдан — «Түркістан» газет-апталығының суретшісі, тілшісі, бөлім меңгерушісі. 2002-2005 жылдары — «Өнер» баспасының бас редакторы. 2006 жылдан — Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының бөлім меңгерушісі, 2008 жылдың қазан айынан бері — директорының орынбасары. ҚР Журналистер одағының мүшесі (1985 жылдан). ҚР Суретшілер одағының мүшесі (2002 жылдан). ҚР ММ «Мәдениет қайраткері». (2004).