Джордж Байрон | өмірбаяны

0

Джордж Ноэл Гордон Байрон (1788 ж. қаңтардың 22, Лондон — 1824 ж. сәуірдің 19, Мессолоңғи, Грекия,) — ағылшын ақыны, романтизм бағытының көрнекті өкілі, 6-шы барон Байрон, лорд. ХІХ ғасырдағы еуропа әдебиетінің көрнекті өкілі. Байрон есімімен ағылшын әдебиеті ғана емес, ХІХ ғасырдағы әлем әдебиетінің дамуы байланыстырылады. Байрон ақсүйек отбасында туған. Балалық шағы Шотландиядағы Абердин қаласында өтеді.

Байрон Харроу қаласында ақсүйектер мектебінде (1801), кейін Кембридж университетінде (1805) оқыды. Джордж Ноэль Гордон Байрон 1778 жылы 22 қаңтарда Лондонда ағылшын аристократы мен шотландық дворян (шешесі) отбасында дүниеге келген. 10 жасқа толғанда атасы қайтыс болғанда Джордж Байрон Англияның пэрі болып «барон Байрон» деген лордтық титул мен үлкен байлыққа ие болады. Сөйтіп, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан Ньюстед аббатын мұрагерлікке алып (Ньюстед бұрын католиктер шіркеуі болған), шешесімен ата-бабасының сарайына Ноттингэм графтығына көшіп келеді. Жартылай бүлінген қорған – Ньюстед аббаттығы, оның саялы саябағы кейінірек талай рет Байрон поэзиясына арқау болды. Байронның ата-тегі Нормандиядан шыққан. Олар Англияға Вильгельм Жаулап алушымен бірге келіп, Гастингс түбіндегі қанды шайқастан кейін сакстардан тартып алынған бай поместьені корольдан сыйға алады. Байронның алғашқы аты – Бурунь болған. Бұл есім ортағасырлық рыцарьлық жазбаларда жиі кездеседі. Оның ата-бабалары Генрих ІІ-нің тұсында фамилияларын Буруньнан Байронға өзгертеді. Ал ағылшын революциясы тұсында Байрондар Стюартқа адал болғандықтан, Карл І-ші олардың әулетіне барон деген титулды береді. Байрондар әулетіндегі ең көрнекті адам адмирал Байрон (1722 жылы туылған) болды. Адмирал Байронның арқасында Байрондар әулеті Англиядағы танымал фамилияға айналды. Анасы Байронды әуелі жекеменшік мектепке береді. Мұнда Байрон нашар оқиды. Гимназия мұғалімдерінің берген білімінен гөрі, бала Байронға күтушісі Мэри Грей көп нәрсе үйретеді. Ол жалықпай Джорджға псалмдар мен Библияны оқып береді. 1799 жылы Джордж доктор Гленнің мектебіне түседі. Мұнда ол 2 жыл бойына ауру аяғын емдетумен болады, нәтижесінде аяғына етік кие алатын жағдайға жетеді. Мектепте жақсы оқымағанымен, доктор Гленнің жеке кітапханасын түгел оқып тауысады. 1801 жылы жас бала Харроу қалашығындағы Ньюстед аббатының жанында орналасқан мектепке барады. Мектеп орналасқан Харроу елді мекені оның жоталары мен өзені, түнерген Ньюстед аббаттығына мүлде ұқсамайтын көрініс еді. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас бала зеректігімен және ақылдылығымен мұғалімдерінің көзіне түседі. Байрон мектеп қабырғасында латын және грек тілдерін, антика тарихы мен ағылшын әдебиетін оқып үйреніп, көптеген үйірмелерге қатысады. Ол көп оқып, кітапқа құмарлық танытты. Байрон шығармаларын қазақ тіліне Абай, Қ. Аманжолов, Қ. Сатыбалдин, Ғ. Қайырбеков, т.б. ақындар аударды.[4] Байрон шығармашылығы. Байрон шығармашылығын үш кезеңге бөлінеді: 1807-1809 жылдар аралығы; 1809-1817 жылдар аралығы; 1818-1824 жылдар аралығы.[2] Байронның алғашқы әдеби еңбегі «Бос уақыт» атты (1807) атты өлеңдер жинағы болып табылады. Бұл жинақты жазған уақытта жас ақын әлі ХУІІІ ғасырдағы ағылшын поэзиясындағы сүйікті образдарының ықпалынан шыға алмады. Ақын бірде Грей элегияларына («Гарроудағы бейіт басындағы ағашқа жазылған жолдар» өлеңі), бірде Бернс поэзиясына («Еркін бөбек болғым келеді…» өлеңі) еліктейді. Әсіресе, классицистердің дидактикалық поэзиясының ықпалы қатты сезіледі («Мистер Фокстың өліміне» атты өлеңі). Сонымен бірге, алғашқы «Каин» мен «Прометей» өлеңдерінен-ақ автордың поэтикалық даралығы байқалады. 1809 жылдың жазында Байрон Таяу Шығыс елдеріне, өзінің алғашқы саяхатына аттанды. Ол өз отанын алғаш рет Таяу Шығысқа жасаған сапары кезінде тастайды. Бұл саяхаты барысында ол өзінің «Чайльд Гарольдтың сапары» поэмасын жазады. 1812 жылдың 29 ақпанында «Чайльд Гарольдтың сапарын» (2 бөлімін) жариялайды. Поэма ақынға үлкен атақ әкеледі. Бір күннің ішінде кітаптың 14000 данасы сатылып кетеді. Қазақтың ұлы ақыны – Абай болса, ағылшынның ұлы ақыны – Байрон.