Думан Рамазан | өмірбаяны
Жазушы, журналист, аудармашы, зерттеуші, драматург Думан Әмірғалиұлы Рамазан 1967 жылғы 1 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы, Абай ауданы, Қызылту кеңшарында дүниеге келген. 1984 жылы осы кеңшардағы Кеңес Одағының батыры Жанғазы Молдағалиев атындағы орта мектепті бітірген. 1985-92 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде оқыған. Одан соң М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын тәмамдаған. Ұзақ жыл республикалық «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істеген. Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында Әдебиет бөлімінің меңгерушісі және Қазақстан Саяси зерттеулер орталығының бас директоры қызметтерін атқарған. Қазір «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы.
«Көкжал», «Хан Кененің қазасы», «Алланың әмірі», «Жылап аққан тамшылар», «Көктамыр», «Абылай ханның арманы» атты кітаптардың және «Кенесары хан» деректі фильмі сценарийінің авторы. Харуки Мураками, Юкио Мисима, Джон Голсуорси, Уильям Сароян секілді әлемге әйгілі қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Абылай ханның арманы», «Кенесары-Күнімжан», «Апат», «Бала Қазыбек», «Жүрек қалауы» атты драмалық шығармалары бар. 2010 жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрында және 2011 жылы Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында, 2012 жылы Ш. Құсаинов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Кенесары-Күнімжан» пьесасы сахналанды. Аталмыш тарихи драма 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде (Қ. Қуанышбаев театры) «Ең үздік драма» атанды. 2012 жылы Түрік елінің астанасы Анкара мен Ыстамбұл қалаларында «Кенесары-Күнімжан» драмасы түрік тілінде қойылды. Ал 2013 жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрында, 2015 жылы Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрларында «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасы сахналанды. Ал 2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Керей – Жәнібек» атты тарихи драмасы қойылып, іле-шала өткен Республикалық театр фестивалінде аталмыш туынды «Ең үздік спектакль» атанып, бас жүлдені иеленді. Сол жылы «Керей – Жәнібек» тарихи драмасы Б. Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрында сахналанды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Жастар Одағы мен Журналистер Одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Кенесары хан атындағы республикалық әдеби конкурстың және «Жылдың ең үздік прозасы» аталымы бойынша «Алтын қалам» байқауының бас жүлдегері, «Балауса» бәйгесінің бірінші орын иегері. 2010 жылы «Көш» әңгімесі «Жылдың ең үздік прозасы» атанса, 2012 жылы «Кенесары-Күнімжан» тарихи драмасы «Жылдың ең үздік драмалық туындысы» деп танылды.
2014 жылы «Жыл-драматургі» атанды. Мемлекеттік және Президенттік стипендият.