Дулат Шалқарбаев | өмірбаяны
Дулат Шалқарбаев 1923 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында туған.
Байқадам орта мектебінің 9 сыныбын бітірген соң, әр түрлі жұмыс атқарған. 1941 жылы аудандық есеп-сынақ бөлімінде инспектор, 1946 жылы астық дайындау мекемесінде есепші, 1948 жылы – агент, 1949–1953 жж. Сарыарқа мал жайылымы телімінде қызыл отау меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитетінде инспектор, 1953–1963 жж. аудандық «Социалистік шаруа» газетінде жауапты хатшы, 1963–1965 жж. кәсіптік училищеде директордың саяси-тәрбие істері жөніндегі орынбасары әрі партком хатшысы, 1965 жылы Мойынқұм аудандық «Коммунизм таңы» газетінде редактордың орынбасары, облыстық «Еңбек туы» газетінің Сарысу, Талас аудандары мен Қаратау аймағындағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен.
1967–1974 жж. Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетінде редактордың орынбасары, 1974–1975 жж. аудандық кино жүйесі мекемесінің директоры, 1975–1978 жж. аудандық газетте бөлім меңгерушісі, автоклуб меңгерушісі болып істеген. Қазір зейнеткер. Он бес кітап, үш пьесаның авторы.
«Батыр Бораш» (1961), «Кім жақсы» әңгімелер жинағы (1963); «Арнадым саған өлеңдер» жинағы (1976); «Бесекбай әңгімелері» (1979), «Шынар» (1985), «Айналайын адамдар» (1986) атты кітаптары бар. «Дарқан дала», «Кенесары және Мыңжасар», «Кәне, сырласайықшы» атты өлеңдер жинағы, «Ақиықтар» танымдық тарихи очерктері (1998), «Дүрбелең» тарихи романының үш кітабы (2006–2008) жарық көрген. Бірнеше өлеңдері мен әңгімелері ұжымдық жинақтарда жарияланған. «Дарабоз» әдеби жабық бәйгесінің бірнеше мәрте жүлдегері.
Еңбек ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Ардагерлер кеңесінің мүшесі.