Дихан Қамзабекұлы | өмірбаяны
Дихан Қамзабекұлы 1966 жылы 19 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті) тәмамдаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері.
1990-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1996-2000 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері. 2001-2004 жылдары — Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы.
«Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторы.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.