Бұқар Қалқаманұлы | өмірбаяны

0

Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693–1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы.

Бұхар өмір сүрген дәуірдің ұлы оқиғасы- жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жерін баса көктеп енуін білеміз. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауытпалықты Бұхар елімен бірге кешкен. Ол әсіресе, өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшыларымен бірге, ақылшы, үгітші болып белсендік көрсеткен.

1992 жылы Қазақстан Ғылым академиясы әдебиет және өнер институты жыраудың тұңғыш жинағын шығарды. Оны құрастырушы М. Жармұхамедұлы.

Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен саралаған М. Әуезов: «Жырау… заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», — дейді. Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7–8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше «Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» — деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жыраудың шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ. Халид, Г. Потанин, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Мағауин, Р. Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірген.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз