Біләл Сүлеев | өмірбаяны

0

Қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург Біләл Сүлеев — 1893жылы жамбыл облысы, Қапал ауданы, Баянжүрек қонысында дүниеге келген.  

Алғашқы білімді әкесі Сүлей Майлыұлынан алған. 1911 жылы өзі туған өңірде ашылған “Мамания” мектебін бітірген. Бірер жыл оқыған зерек баланы осы оқу орнын ұйымдастырушылардың бірі Есенғұл Маманұлы болыс өз қаражатымен “Ғалия” медресесіне оқуға жіберген. 1913 – 1916 жылдары Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916 жылы маусым жарлығына ілігіп, қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Минск қаласына барды. 1916 – 1918 жылдары Қапалдағы татар мектебінде оқу ісін басқарушы болып қызмет етті. 1918 – 1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға мұрындық болды. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде оқытылған. Сүлеев енгізген бұл тәжірибе Жетісудағы қазақ жастарының Кеңес Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне мүмкіндік берді. 1928 – 1929 жылдары Ақтөбе облысы оқу бөлімінің меңгерушісі, 1930 жылы Семей педогогокалық институтының алғашқы ректоры болды, соңғы қызметінде жүргенде жазықсыз қамауға алынып, 1932 жылы 5 қыркүйекте босанып шықты. 1932 – 1934 жылдары Мәскеу өндіріс орындарында мәдени-ағарту саласында қызмет істеді. 1934 – 1937 жылдары Қарақалпақ АКСР-інде халық ағарту комиссары болды. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Семинарияда оқып жүргенде өлең, әңгіме жазумен айналысқан. Сүлеев Орынборда шыққан “Қазақ” газетінде қосымша жұмыс істеп, газет бетінде “Матай“, “Қаптағай” деген бүркеншік атпен бірнеше өлең, мақалаларын жариялады. Татардың “Шура” журналының 1916 жылы 3-санында татар ұлтшылдарына қарсы “Науширван эфенді мақаласы жайлы” атты ғылылыми мақаласын жариялады. Осы журналда және татар тіліндегі “Вахит” (“Уақыт”) газетінде Сүлеевтің мақалалары мен өлеңдері жиі жарық көрді. Сүлеев әдебиет әлемінде сатирик ақын, жалынды көсемсөзші, талантты драматург ретінде танылды. Өлеңдері мен мақалаларында қоғамның келеңсіз жақтарын аяусыз әшкереледі, өткір тілмен мінеді. “Картаға салынған қатын” атты өткір әжуаға құрылған комедиясы 1921 жылы Алматыда бірнеше рет қойылды. 1922 жылы жазылған “Қабанбай мен Сазанбай” атты өлеңмен жазылған ұзақ сатирасы Жетісудағы алғашқы жер бөлінісіне арналған. “Қазақ мұғаліміне” (1923) атты сатиралық өлеңдері “Қаптағай”, “Бұйрас”деген аттармен газет-журналдарда жарық көрген.

Біләл Сүлеев 1937 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеден өткен. 

Шығармалары:

— “Қыз бен жігіттің айтысы”;

— “Картаға салынған қатын” атты бір перделі комедия;

— “Қазақтың 24 басалқа дыбысы”; 

— “Қайтсең де көсем боларсың” (1922); 

— “Нақысбек” (1922), “Жұт жеті ағайынды”;

— Қабанбай мен Сазанбай” атты өлеңі (1922);

— “Қазақ мұғаліміне” (1923) атты сатиралық өлеңдері.