Бекбосын Арғынбай | өмірбаяны

0

Бекбосын Арғынбай — «Ауылым – әнім менің» (1975, «Қайнар»), «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (1991, «Қазақстан»), «Кемеңгермен кездесу» (1994, «Мерей»), «Хауа ананың аманаты» (1995, «Қайнар»), «Қылкөпір» (1999, «Өнер») кітаптары жарық көрген. «Омар һаям рубаяттарын» қазақшалаған, «Мың түрлі ой» атты төрттағандар жинағы (2001, «Елорда»), «Фәниллік драма» жинағы шыққан. Шығыс жұлдыздарының шығармалары топтастырылған «Омар Һаям жұлдыздар шоғырында» атты аударма кітабы жарық көрген (2009). Пушкин, Лермонтов, Есенин, Бунин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. ЖанБатист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясын аударған, ол Жамбыл облыстық драма театрында сахналанған.1937 жылы 17 маусымда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Қарасу ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Алматы жоғары партия мектебінде, КПСС Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШтың Колорадо университетінде білімін жетілдірген. Жамбыл облыстық радиосының тілшісі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, Жамбыл облыстық партия комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі нұсқаушысы болған. 1985–1994 жж. Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Еңбек туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. 1994 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Онда Халықаралық істер, Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетінде мүше бола жүріп, бірталай аса маңызды заң жобалары бойынша жұмыс тобын басқарды. Депутаттық қызметімен қоса ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999–2003 жж. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. 2003 жылдан бастап зейнеткер. Тараз Мемлекеттік М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университеттің профессоры.

«Нюрнбергтен бұрын» атты тарихиқаһармандық драмасы «Соңғы сезім» деген атпен Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында (1995–1999), Жамбыл облыстық драма театрында қойылды. «Өткелдегі шайқас» атты пьесасы да сахналанды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1991), «Парасат» орденінің иегері (1998), Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының (1986) және ТМД елдері Журналистер одақтары конфедерациясы сыйлығының лауреаты. Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағы Ағалар алқасының мүшесі.