Бек Тоғызбайұлы | өмірбаяны

0

Бек Тоғызбайұлы (1936–2006) 10 ақпанында Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағалауындағы Көккөл ауылында дүниеге келген. 

1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны журналист мамандығы бойынша үздік белгімен тамамдаған. Төртінші курс студенті кезінде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке шақырылып, 1958 жылдың көктемінен бастап сол газетте әдебиет және өнер бөлімін басқарады. 

1960 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби сын бөлімінің меңгерушісі. 1962–1964 жж. Мәскеудегі Жоғары сценаристер курсында оқиды. 1964–1969 жж. «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында бөлім меңгерушісі, 1969 жы-лы қазіргі «Жалын» журналында бас редактордың орынбасары, 1970–1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде басқарма бастығы және коллегия мүшесі, 1975 жылы Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының ұйымдастыру жөніндегі хатшысы болған. 

Алғашқы әңгімелер жинағы 1960 жылы «Жаңбырлы күз» деген атпен жарық көрген. Содан бері «Үміт» (1963), «Алдыңғы толқын» (1967), «Асыл адам айнымас» (1973), «Боз жорға» (1979), «Намыс» (1982), «От пен күл» (1984), «Шалғайда» (1986), «Өмір–өзен» (1991), «Тарихтың ашылмаған беттері» (2001), «Бұрын және бүгін» (2003), «Әкеден ұл туса (2004), т.б. кітаптары жарық көрді. Орыс тілінде «На свадьбе» (1970), «Честь» (1975), «Далеко в степи» (1989) атты жинақтары басылып шыққан. Жекелеген шығармалары бірқатар шетел тілдерінде жарияланған. Пьесалары «Тасқын» (1985) деген жалпы атпен жеке кітап болып басылған. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Алматы қалалық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланған. Экология жөніндегі қоғамдық академияның академигі. Қазақстан Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі әр жылдарда жариялаған республикалық әдеби бәйгелердің алты мәрте жүлдегері. Әдебиетті дамытуға сіңірген еңбегі үшін 1986 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Құрмет Грамоталарымен, 2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.