Бауыржан Бабажанұлы | өмірбаяны

0

Бауыржан Бабажанұлы (Өтеулиев) 1969 жылы 21 ақпанда Қарақалпақстан Республикасы Мойнақ ауданында туған. 1986 жылы Қоңырат ауданындағы «Ленинизм» орта мектебін, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.

1995–1996 жж. ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер, 1996–1999 жж. «Жалын» журналында, «Ана тілі» – «Жалын» бірлескен басылымдарында бөлім меңгерушісі, 2000 жылы «Алтын Орда» тәуелсіз апталығында бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген. 

2000 жылдан Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы.

Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы» атты ұжымдық жинақтарға енген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Аспан мен жердің арасы» («Елорда») және 2006 жылы «Уәде» («Жазушы») атты кітаптары жарық көрді.

2003 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет» номинациясы бойынша бас жүлдегері. 

2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Астана қаласының 10 жылдығы» медальдарының иегері. 

2008 жылы «Экспресс К» газетінің тек қана бас редакторлар арасында өткізілетін сайысында үздік шығып, басылымның Геннадий Толмачев атындағы сыйлығын иеленген.