Бақытжан Майтанов өмірбаяны

0

Бақытжан Майтанов 1952 жылы 27 наурызда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Сарықамыс ауылында туған. 

1974 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші болған. 

1974– 1990 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант, кіші аға ғылыми қызметкер, 1990 жылы Қазақ энциклопедиясы бас редакторының орынбасары, 1990–1996 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, профессор, 1996–1999 жж. Қазақ мемлекеттік Заң университеті қазақ, орыс, шығыс тілдері кафедрасында профессор болып қызмет етті. 

1998 жылдан ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі. 

2000 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасының меңгерушісі. Әдебиет сыны мен әдебиеттану саласына 1969 жылдан бастап араласып, республикалық газет-журналдарда жарияланған мақалаларымен көрініп келеді. 

1997 жылдан ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі. 

2004 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлығын алған, 2006 жылы «ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағына ие болған, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атты төс белгісімен марапатталған. Үш жүзге жуық әдеби-сын, әдебиеттанушылық сипаттағы мақалалары жарық көрген. М.Әуезовтің шығармаларының елу томдық академиялық басылымына ғылыми жетекшілік жасауда.

Шығармалары: Қазіргі қазақ прозасындағы замандас бейнесі. Зерттеу. А., «Ғылым», 1982; Көркемдік нәрі. Әдеби сын. А., «Жазушы», 1983; Қаһарманның рухани әлемі. А., 1987; Суреттеу мен мінездеу. А., 1991; Мұхтар Әуезов – суреткер. А., 1996; Қазақ романы және психологиялық талдау. А., 1996; Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы. А., 2001; Сөз сыны. А., 2002; Романның баяндау жүйесіндегі автор. А., 2003; Көркем әдебиеттегі психологизм. А., 2004; Абай; Портрет поэтикасы. А., 2006; Монолог құрылымы. А., 2006.