Бақытбек Бәмішұлы өмірбаяны

0

 

Бақытбек Бәмішұлы  1958 жылы 25 маусымда Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмының Үлкен Темірлі деген жерінде туған. УланБатыр қаласындағы Хосе Марти атындағы №52 орта мектепті бітірген. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін конкурсқа қатысып, сол кездегі Ленинград қаласындағы Темір жолдар инженерлік институтына жолдама алады. Әуелі сол қаладағы политехникалық институтта бір жыл дайындық курсын бітіріп, автоматика, телемеханика және байланыс мамандығы бойынша университетті тамамдаған.

 

Еңбек жолын Моңғолияның Баянтүмін (Чойбалсан), СаинШанда, УланБатыр қалаларында монтерден бастап, дистанцияның Бас инженері, кейін басқармада аға инженер болып қызмет еткен. 1991 жылы УланБатырдан атажұртқа қоныс аударған. Алматы темір жолында мамандығы бойынша қызмет атқарады. «Көш» газетінің Бас редакторы.

 

Қаламгер әдеби шығармашылық жолын мектепте жүргенде өлең шығарудан бастаған. Ал сексенінші жылдары прозаға ауысып, бірнеше әңгімесі БаянӨлгейдегі «Шұғыла» журналында жарияланған. Атамекенге келгеннен кейін негізінен публицистикалық мақалалар мен өлең жазумен айналысқан. «Мәңгі көк аспан астында» (1998) атты өлеңдер, толғаулар жинағы, «Тұмарлы таң» (2003), «Бай Бұлғын жерімай» (2008), «Оспан батыр» (2008) кітаптары жарық көрген. «Диуани лұғат иттурк және моңғол тілі», «Тілдерді дамытудың әлеуметтік негіздері» атты монографиялар жазып, О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне аударған.