Бәкір Тәжібаев | өмірбаяны
Бәкір Тәжібаев (1926–1994)
15 мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылдан бастап Темірдің педагогика училищесінде оқып, кезінде Жұрын аудандық (қазіргі Мұғалжар) газеті редакциясында, аудандық комсомол комитетінде қызмет істеген.
1950 жылы Алматы театр-сурет училищесі жанындағы киноактерлік бөлімді бітіргеннен кейін, бірталай жыл Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актерлікпен шұғылданған.
1958 жылдан Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында әдеби бөлімнің меңгерушісі болып істеген. Кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақ КСР театр қоғамында жұмыс жасайды, 1974 жылдан бастап тікелей шығармашылық жұмыспен айналысты.
Бірнеше жыр жинақтарының, кең тараған әндер мен ән мәтіндерінің, драмалық шығармалардың авторы. «Жас Дәурен», «Ақбұлақ», «Әппағым-ау, Әппағым», «Гүлсің-ау» әндері бар. Оның өз орындауындағы әндері «Мелодия» фирмасынан күйтабақ болып шыққан. «Қамар сұлу» операсы либреттосының авторы (музыкасын жазған композитор Еркеғали Рахмадиев).
150-дей ән мәтіндерінің авторы. Көптеген әндері әлі күнге дейін сахна төрінде орындалып, халықтың сағынып тыңдайтын әндері. Бірқатар әндері Қытай, Монғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран, т.б. елдерде тұратын қазақтар арасында кеңінен тарап, сүйікті әндеріне айналған.
Шығармалары: Қара торғай. Новеллалар. А., «Жазушы», 1967; Біздің Роза. Очерк. А., «Қазақстан», 1969; Сахна жұлдыздары. Портреттер. А., «Жалын», 1977; Балбұлақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1969; Ән – дәурен. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1973; Жүріп келем. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1976; Дала жолдары. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1980; Жыр – жолаушы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982; Ақбұлақ. Өлеңдер. А., 1985.