Баян Жаңғалов | өмірбаяны
Баян Жанғалұлы Жанғалов 1914 жылы 22 маусымда бұрынғы қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Кіші Жамантұз аулында дүниеге келген. Арғы атасы Қанай Құттымбетұлы – Абылай ханды алғаш хан көтерген айтулы билердің бірі. Ауыл молласынан алғаш сауатын ашқан Баян Жанғалұлы 1928 жылы кеңестік мектепке қабылданып алты сыныпты бітірген соң ауылдық кеңес хатшысы, ауылдық комсомол ұйымының жееткшісі қатарлы түрлі жұмыстар.
1932-33 жылғы нәубет аштықта ағасы мен оның төрт баласы тегіс қаза болады.
Аштық тырнағынан әупірімдеп аман қалған Баян Жанғалұлы 1936 жылы Көкшетау прокуратурасында іс қағаздарын жүргізуші қызметіне орналасады.
1939 жылы коммунистік партия қатарына өткен Баян Жанғалұлы 1941 жылдың 22 маусымына он күн қалғанда Алматыдағы партия мектебіне жолдама алып аттанған еді.
1942 жылы майданға шақырылып, саяси жетекші болып қызмет атқарады. Сталинградты азат ету майданына қатысады. 1943 жылы Арнайы артиллериялық дивизион құрамында қарсы шабуыл барысында Баян Жанғалұлы қаруластарымен бірге жаудың 12 дзотын, 7 пулемет нүктесін, 4 блиндажын қиратып, жаяу әскер ротасының тоз-тозын шығарады. Осы релігі үшін Баян Жанғалов Қызыл жұлдыз орденімен сыйланады.
Сталинградты азат ету майданынан соң Курс, Харьков, Белоруссияны азат ету майдандарына қатысады. Майданда контузия алып, лейтенант шенімен елге оралады.
Қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмысына кіріскен ол 1945-1959 жылдары аудандық, облыстық партком нұсқаушысы, Красноармейск ауданы партком хатшысының орынбасары, Рузай ауданы атқару комитеті төрағасы қызметтерін атқарады. Тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысына зор үлесін қосады.
Тек Рузай ауданы көлемінде төрт жылдың ішінде игерілген алаң көлемі 6,5 есе ұлғаяды. Мұндай өсімге Баян Жанғалов сияқты қажырлы басшының арқасында қол жеткізілгенін ескере отырып, 1957 жылы Баян Жанғалұлына Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
1959 жылдан Айыртау ауданы парткомының бірінші хатшысы, 1965 жылы Чистополь ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Бұдан соң он жыл бойы Зеренді ауданының партия ұйымын он жыл бойы басқарады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін жеті жыл бойы орман-аң шаруашылығын басқарады.
Зейнеткерлікке шыққан соң «Үш кезең» атты ғұмырнамалық кітап жазады. Өмірінің соңғы жылдары Зеренді ауданында өмір сүрген Баян Жанғалұлы 2013 жылы 31 қаңтарды 99 жасында өмірден өтті.