Әріпов Дүйсенбі | өмірбаяны
Дүйсенбі Әріпұлы — 1933 жылдың 1 қаңтарында Маңғыстау облысының Тұщықұдық ауылдық кеңесiнде дүниеге келді. 1956 жылы КазГУ-дың физика-математика факультетiнiң физика бөлiмiн, 1964-1966 жылдарда Алматы Жоғары партия мектебiн бiтiрдi. Сырттай оқып Алматы Зооветеринариялық институтын бiтiрiп, ғалым-зоотехник мамандығын алды. Маңғыстау аудандық “Еңбек туы” газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi, аупарткомның ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы, бөлiм меңгерушiсi, аудандық халықтық бақылау комитетiнiң төрағасы, аупарткомның хатшысы қызметтерiн атқарды.
1973 жылы Маңғыстау облысы, оның құрамында Бейнеу ауданы құрылған кезде Бейнеу ауатком төрағасы, 1975 жылдан облыстық партия комитетiнiң ұйымдық – партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi, 1978 жылдан 1990 жылдың қыркүйегiне дейiн Бейнеу аупарткомының бiрiншi хатшысы қызметiн атқарды. 11-шы сайланған Қаз ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болды.
1990 жылы Маңғыстау облысы қайтадан құрылған кезде халық депутаттары облыстық кеңесi төрағасының орынбасары, 1993 жылдан төрағаның мiндетiн атқарушы, 1994 жылы Республикалық дәрежедегi зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн облыс әкiмiнiң кеңесшiсi болды.
Қазақстан коммунистiк партиясы XIV, XV, XVI, XVII (екi кезеңiнiң де) съездерiнiң, республикалық кәсiподақтар Кеңесi XI-шi съезiнiң делегаты болды. 1957 жылы Москвада өткен жастар мен студенттердiң VI-шы Дүниежүзiлiк фестивалiне қатынасты. «Халықтар достығы» орденi, бiрнеше медальдармен марапатталды. Қазақстан журналистер Одағының мүшесi. «Жас коммунистер тәрбиесi», «Маңғыстау-маңғаз мекенiм» (ағасы – Б.Әрiповпен бiрiгiп жазылған), «Өркендi өлке, өнегелi өмiр», «Тұлғалар тағылымы» кітабтары шықты. 1997 жылы шыққан «Маңғыстау энциклопедиясы» Бас редакторының орынбасары, 4 томдық Қазақ ССР эпциклопедиясы авторларының бірі.