Ақылбек Шаяхмет | өмірбаяны
Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет Қостанай облысының Жітіқара ауданында Желқуар ауылында 1951 жылы 17 маусымда туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеді. 1968 жылы оны Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Москвада Әдебиет институтын бітірген.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы, ҚМУ Медиа-орталығының директоры болып қызмет атқарды.
СССР жазушылар одағына 1983 жылы қабылданған. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. «Ана тілі» газетінің лауреаты. «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды. Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы. 2007 және 2008 жылдары өткен республикалық ұлттық «Астана-Бәйтерек» конкурсының жеңімпазы. 2008 жылы өткен «Бір өлең-бір әлем» республикалық мүшайрасының және «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері.
Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрді. Республика баспаларынан 24 кітабы басылып шыққан. Автордың өлеңдері орыс және шет ел тілдеріне аударылған.
«Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған», «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ» деп аталатын прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді.
А.Шаяхмет – филология ғылымдарының кандидаты.