Аманкелді Шахин | өмірбаяны

0
64

Аманкелді Шахин 1954 жылы 16 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Айдархан ауылдық Кеңесіне қарасты Фокеево (қазіргі «Сарыкөл» ауылдық округі) ауылында туған.

1972 жылы орта мектепті бітірген соң, автокөлік жүргізушілерін даярлайтын курста оқып, кәсіби мамандық алған. 1979 жылы Орал педагогика институтының филология факультетін үздік дипломмен тамамдаған.

Алғашқы еңбек жолын Орта Азия – Орталық газ құбырының Қисыққамыс желілік бөлімшесіндегі «Союзгазэнергоремонт» өндірістік-техникалық кәсіпорынының көшпелі бригадасында автокөлік жүргізуші болып бастаған. Кейін Жаңақала ауданындағы «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытында есепші, қатардағы жұмысшы, Жаңақала аудандық өрт сөндіру мекемесінің автокөлік жүргізушісі болған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде тілші, хат, ауылшаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі, 1981 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде, ауыл шаруашылығы, мәдениет бөлімдерінде тілші, агроөнеркәсіп, Кеңес құрылысы бөлімдерінде меңгеруші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1998 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының жетекші маманы қызметінде болған. 1999 жылдан бері облыстық Сотта бас маман – баспасөз хатшысы.

Қаламгердің «Мәңгі көктем» («Жазушы», 1999) деген атпен тұңғыш жинағы шыққан. «Сол бір сүргін», «Езуіңді жи», «Жайсаңдары-ай Жайықтың» (2005) атты өлеңдер, әзіл әңгімелер, әндер жинағы жарық көрген. 2009 жылы Оралдағы «Ағартушы» баспа-полиграфия орталығының баспаханасынан «Жарқ еткен дәурен» деген атпен шығармаларының таңдамалы жинағы шыққан.