Алмат Исәділ | өмірбаяны

0

Алмат Исәділ 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 1994 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс мектебін, 2000 жылы ҚазМҰУдың журналистика факультетінің сырттай оқу бөлімін тамамдаған. Еңбек жолын өзі оқыған мектепте ұстаздық етуден (1994–1996) бастап, кейін Алматыдағы республикалық оқушылар сарайында жұмыс істеген, 1998–2001 жж. «Алматы ақшамы» газетінде журналист, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында редактор болып жұмыс істеген.

Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Орыс тілінде де шығармалар жазып, аударма ісімен шұғылданып келеді. «Жас қазақ ақындарының антологиясына» топтамасы енген. Алматы қаласында өткен студент жастардың бірқатар мүшәйраларының жүлдегері. Астана қаласында 2001–2002 жылдары өткен ІV және V Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдеби шығарма» номинациясы бойынша дипломанты. «Отырар кітапханасы» сериясымен «Жолдар, жолдар» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. 2002 жылдан бері республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Әдебиет айдыны» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерінде болды. Қазір «Алаш айнасы» газетінде бөлім редакторы.