Әлішев Әлмәмбет | өмірбаяны
Әлішев Әлмәмбет 1939 жылы 4 сәуірде Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған.
1966 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Әр жылдарда Қазалы ауданындағы бұрынғы «Октябрь» колхозында шопан, аудандық «Социалистік жол» газетінде корректор, республикааралық «Теміржолшы» газетінде әдеби қызметкер, аудандық Комсомол комитетінде нұсқаушы, бірінші секретарь, аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, аудандық партия комитеті саясиағарту кабинетінің меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазалы аудандық «Ленин Туы», кейін «Қазыналы Қазалы» газетінің редакторы, баспа директоры болып қызмет еткен.
2003 жылдан аймақтық «ТұранҚазалы» газетінің Бас редакторы. Өлең, әңгіме, очерктерімен баспасөзде 1957 жылдан көріне бастады. Оның әр жанрда біраз кітаптары шықты. «Батыр болып тумайды» повесі латыш тіліне аударылған.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1990). «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, Қызылорда облысының Құрмет грмотасымен марапатталған. 2008 жылғы облыс әкімінің стипендианты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2009), ҚР Құрметті журналисі (2009).
Шығармалары: Үрмаш Түктібаев. Очерк. А., «Қайнар», 1969; Батыр болып тумайды. Повесть. А., «Жазушы», 1970; Ат тұяғын тай басар. Повесть. А., «Жазушы», 1975; Бәйтеректің бұтағы. Повестер. А., «Жалын», 1981; Арал тағдыры. А., «Қазақстан», 1988; Жүректегі жауһарлар. Қызылорда. «Алтын орда», 2001. «Жазушы», 1978; Қаратау өрнектері. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1980; Ел мен жер. Роман. А., «Жазушы», 1978; Көкек айы. Әңгімелер. А., «Жалын», 1982; Замана екпіні. Роман. А., «Жазушы» 1982; Музыкальная душа. Повесть, рассказы. А., «Жазушы», 1984; Иірім. Роман. Астана. «Фолиант», (2009); Ой орамдары. Әдебифилософиялық толғаулар. Астана. «Фолиант», (2009).