Әлімжан Елен | өмірбаяны

0

Әлімжан Елен 1945 жылдың 18 маусымында Жамбыл облысының Талас ауданындағы Көмекші (кейін Аққұмға қосылған) ауылында дүниеге келген. 

1968 жылы ҚазМУдің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ теледидарында бастаған (1968–1970). Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі (1970–1976), облыстық партия комитетінің нұсқаушысы (1976–1980), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі (1980–1991), Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы (1991–1996), «Түркістан» газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ Ұлттық энциклопедиясының жетекші маманы (1997–1998), Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары (1998–2008) қызметтерін атқарған. Қазір мектеп оқушыларына арналған танымдық «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы, «Бауыржантану» ғылыми зерттеу тобының жетекші ғылыми қызметкері. 

«Ән сыры» атты алғашқы әңгімесі Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты жинағында (1964) жарық көрген. Одан кейін «Оралу» (1978), «Көріпкел» (2000) атты повестер мен әңгімелер жинақтары, «Толық адам туралы» (2005) әдеби портреттер, «Тақталас» (2006) драмалық шығармалар жинағы шықты. «Жанталас» атты драмасы, «Бір қазаққа бір қатын ?!», «Тақталас», «Жанұран» комедиялары, «Қызыр баба» балаларға арналған пьесасы Жамбыл облыстық, Арқалық, Ақтөбе, Талдықорған, Жетісай театрларында, «Тақталас» орыс тіліне аударылып, Жамбыл облыстық орыс, «Жанұран» қырғыз тіліне аударылып, Қырғызстан телерадиокорпорациясының «Ұчур» жастар театрларында қойылған. «Айт күні» атты әңгімесі түрік тіліне аударылып, Ыстамбұлда шыққан түрік халықтары әдебиетінің антологиясына енген.